Қызметтік лауазымдарын асыра пайдаланған ІІМ-нің шенеуніктері жұмыстарынан шеттетілді - Қ.Қасымов

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Қызметтік лауазымдарын асыра пайдаланған Ішкі істер министрлігінің шенеуніктері тергеу амалдары барысында жұмыстарынан шеттетілді.

Қызметтік лауазымдарын асыра пайдаланған ІІМ-нің шенеуніктері жұмыстарынан шеттетілді - Қ.Қасымов

Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

«Қазіргі уақытта қаржы полициясы тарапынан тергеу амалдары жүргізілуде. Менің ойымша, бізге бұл жайында бірдеңе айту әзірше ерте. Бұл іс 2009-2010 жылдары жүргізілген тендерге қатысты. Тергеу барысы туралы біз сіздерге ақпарат беретін боламыз. Біз тергеу амалдары жүргізіліп жатқан уақытта оларды лауазымдарынан шеттеттік. Тергеу нәтижесі бойынша шешім қабылдайтын боламыз», - деді ол.

Айта кетейік, еліміздің қаржы полициясы ҚР ІІМ Мемлекеттік сатып алулар басқармасының бастығы Олег Заика мен Жауынгерлік қызмет басқармасының бастығы Юрий Грибаға қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.