Қызыл армия Вена қаласын жаудан азат етті - Кеңес ақпарат бюросының мәліметінен
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпараттық агенттігі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай эксклюзивті материалдарды жариялауды жалғастырады. Бүгінгі материал осыдан тура 70 жыл бұрын 1945 жылдың 14 сәуірінде шыққан «Социалистік Қазақстан» газетіне арналады.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 14 сәуірінде (сенбі) шыққан №73-ші санының бірінші бетінде 13-ші сәуірде Қызыл Армияның Австрия астанасы Вена қаласын жаудан азат еткені туралы қысқаша мәлімдемесі шықты.
Онда: «З-ші Украин майданының әскерлері 2-Украин майданы әскерлерінің көмегімен, көшеде жүргізген қатты ұрыстардан кейін, кеше, 13 әпрелде Австрияның астанасы ВЕНА қаласын алды. ВЕНА үшін 16 марттан 13 әпрелге дейін болған ұрыстарда немістердің 11 танк дивизиялары қайратылып, 130 мыңнан аса солдаттары мен офицерлері қолға түсірілді. Батыр Қызыл Армияның даңқы артып, мерейі үстем бола берсін!» - делінген.
Ал «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 15 сәуірінде (жексенбі) шыққан №74-ші санының бірінші бетінде Жоғарғы бас қолбасшы Йосиф Сталиннің 13 сәуір күні 3-ші Украин майданы әскерлерінің қолбасшысы, Маршал Ф. Толбухин мен 2-ші Украин майданы әскерлерінің қолбасшысы, Маршал Р. Малиновскийге арнаған бұйрықтары жарияланды.
Бұйрықта З-Украин майданының әскерлері 2-Украин майданы әскерлерінің көмегімен Вена қаласын жаудан азат еткендігі және сол Венаны азат ету үшін болған ұрыстарда жаудың 11 танк дивизиясы, СС 6-шы танк армиясының талқандалып, 130 мыңнан аса солдаты мен офицерінің қолға түскендігі айтылады.
«Жаудың 1345 танкі мен өздігінен жүретін зеңбірегін, 2250 дала зеңбірегін және басқа да көп соғыс мүлігін жойды, қолға түсірді», - делінген бұйрықтың бастапқы жолдарында. Осылайша көзге түскен құрамалар мен бөлімшелердің қолбасшыларының есімдері атала келе, өте-мөте көзге түскен құрамалар мен бөлімшелерге «Вена» атағын беру және ордендермен марапаттау ұсынылған. Бұйрық соғында 13 сәуірде кешкі сағат 21:00 Мәскеуде 324 зеңбіректен 24 дүркін артиллерия оғын атып, 3-ші Украин майданы әскерлерінің құрметіне салют берілетіндігі айтылып, оларға Алғыс жарияланған.
Ал газеттің екінші бетіне басылған Кеңес ақпарат бюросының мәліметі бойынша, 3-ші Украин майданы әскерлерінің Чехословакия жерінде Годонин қаласы мен бірнеше ондаған қыстақты және Австрия жерінде де ондаған қыстақтар мен темір жол стансаларын алғандығы жарияланған.
Газеттің көшірмелері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» РММ-нен алынды. Орталық директоры Алқия Рахымбаеваға алғыс білдіреміз.