«Қызыл» аймақтағы Атырау облысында коронавирус жұқтырушылар саны азаймай тұр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қызыл» аймақтағы Атырау облысында коронавирус жұқтырушылар саны азаймай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қызыл» аймақтағы Атырау облысында коронавирус жұқтырушылар саны азаймай тұр

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өткен тәулікте 567 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған.

«Қауіпті вирусқа шалдыққандар саны Атырау қаласында өршіп тұр. Мұнда бір тәулікте 376 науқас тіркелді. Ал, Теңіз кен орнында 45 жұмысшының коронавирусқа шалдыққаны анықталды. Жылыой ауданында 80, Қызылқоғада – 33, Махамбетте – 14, Құрманғазыда –11, Индерде – 7, Мақат ауданында 1 адамнан COVID-19 инфекциясының белгілі табылып

отыр. Бір науқас қайтыс болды», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Өткен тәулікте 99 адам коронавирустан емделіп шыққан.

Соңғы аптада үй жағдайында ем-дом қабылдап жатқандар саны көбейген. Қазір 5 914 адам өз үйінде емделіп жатыр. Сондай-ақ, Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда– 285, модульдік ауруханада – 169, аудандардағы стационарларда – 70, ал №2 облыстық ауруханада – 56, фтизиопульманологиялық орталықта 53 науқас хаттамаға сәйкес емделуге оқшауланған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында коронавируспен ауырғандар саны 6 мыңнан асқанын хабарлаған едік.