«Қызыл» аймақтағы Атырауда індет жұқтырғандар саны артты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша «қызыл»аймаққа енген жалғыз өңір –Атырау облысында өткен тәулікте 95 адам індет жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бір тәулікте қауіпті індетті 95 адам жұқтырып отыр. Оның ішінде 25 науқас Атырау қаласында тіркелген. Коронавирусты жұқтырушылар дені бұрынғыша Теңіз кенішінен шыққан. Өткен тәулікте аталған кен орнында жұмыс істейтін 58 жұмысшы қауіпті індетке шалдыққан. Сондай-ақ, Мақат ауданында 4, Махамбетте – 2, Құрманғазы ауданында 6 адамнан Сovid-19 инфекциясы анықталған.

«Қазір Сovid-19 инфекциясын жұқтырған науқастардың 14-інде инфекцияның симптомды түрі расталды. Олардың үшеуінде коронавирус белгісі медициналық тексеріс кезінде анықталса, 2 адам науқаспен байланыста болған. Ал, 9 адам індеттің клиникалық белгісіне байланысты медициналық мекемеге өз еркімен жүгінген», - деп хабарлады басқарманың

баспасөз қызметінен.

Атырауда соңғы тәулікте коронавирус инфекциясынан емделіп шыққандар тіркелмеген. Қазір 307 науқас үй жағдайында, ал облыстық инфекциялық стационарда 71 науқас, аудандардағы стационарда 13 пациент емделуде. Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда жатқан науқастардың саны 308 адамға жетіп отыр.

Теңіз кенішінде қауіпті індетті жұқтырушылардың көбеюінің бір себебін бұдан бұрын «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев айтқан еді.

«Мердігер мекемелердің кейбір қызметкерлері санитарлық бекеттерден жалған ПТР-тест анықтамаларды көрсету арқылы өткен фактілер анықталды. Осындай қызметкерлерге берілген рұқсаттар дереу жойылды. Өрескел фактілер туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланды. Ресми тергеу жүргізіледі деп күтілуде», - деді Рзабек Артығалиев.

Ал Жылыой аудандық полиция бөлімі Теңіз полиция бөлімшесінің қызметкерлері кен

орнындағы блокпостты айналып өтпек болған бір топ адамның жолын кескенін жазған едік.

Аталған бөлімшенің патрульдік полиция инспекторы, полиция капитаны Тілеуке Құмаров блокпостты айналып, кен орнына қарай бағыт алған «Lada Granta» автокөлігін байқаған.

Ол бұл туралы басшылыққа хабарлап, өзі тоқтату үшін аталған көлікке бет алған. Сол

сәтте оған көмекке әріптестері келген.

«Полицейлер Құлсары қаласында тұратын 31 жастағы азаматтың басқаруындағы көлікті

вахталық кентке кіреберісте тоқтатты. Жүргізушіден өзге салонда төрт ер адам болған.

Олардың екеуі Орынбор қаласында тұратын Ресей азаматтары болып шықты. Құжаттарды тексеру кезінде үш жолаушының, оның ішінде бір ресейлік азаматтың қолында ПТР-тесттен өткендігі туралы анықтама болмай шықты. Көліктегілер «Теңіз» вахталық кенті

аумағында орналасқан компаниялардың біріне баруды көздеген», - деп хабарлады

облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дәрігерлерінің

карантиндік шектеу шаралары пайызы вахталық ауысымға өзге өңірлерден келген

азаматтар құрағаны анықталған.

«Биылғы 7 желтоқсанда қалада аурудың ең жоғары деңгейі – 19 жағдай тіркелді. Ал,

облыс бойынша – 61 жағдай. Оның ішінде 19 науқастың екеуі – Атырау қаласының

тұрғындары, қалған 17-сі – вахталық ауысымға келген компаниялардың бірінің

қызметкерлері. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының

қызметкерлері жүргізген эпидемиологиялық тексеру барысында «Матен Петролиум»

компаниясының қызметкерлері вахтаға бару үшін ПТР-талдауын тапсырғаны анықталды.

Сонымен қатар, жұмысқа кірісу үшін қызметкерлер карантиндік стационарда 7 күн жатуы керек. Ал 7-ші күні ПТР-талдауды тапсыруы тиіс. Егер ПТР-талдауы теріс болса, олар жұмысқа жіберіледі», - дейді Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қанат Ғайнеденов.

Оның айтуынша, «Матен Петролиум» компаниясы тарапынан бірқатар бұзушылықтар анықталған.

«Қызметкерлер орналасқан қонақ үйлердің жағдайы санитарлық нормалар мен

ережелердің талаптарына сәйкес келмеді. Сонымен бірге, басшылар да, қызметкерлер де адамдарды карантинге орналастырғаны туралы хабардар етпеді. Сондай-ақ, қызметкерлердің жағдайын бақылау үшін медициналық қызметкерлер болған жоқ», - деді Қ.Ғайнеденов.

Сонымен қатар, қонақ үйге орналасқандарға арналған жеке қорғаныс құралдары шектеулі

мөлшерде берілген. «Матен Петролиум» жұмысшыларының өздері қонақүйде еркін

қозғалып, бірге тамақтанған. Оқшаулау талаптарын бұзып, бір бөлмеде екі-үш адам

тұрған. Науқастармен байланыста болған сегіз адам қонақ үйден мүлдем кетіп қалған.

Шектеу шараларының бұзған осындай дерекке байланысты «Матен Петролиум»

компаниясына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 1600 АЕК (3 644

800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.



Соңғы жаңалықтар