12:33, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай белгісіне қосымша «Қызыл Кристалл» айырымы енгізіледі ? заң жобасы
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.

Онда сенаторлар «Қосымша айырым эмблемасын қабылдауға қатысты 1949 жылғы 12 тамыздағы Женева конвенцияларына қосымша хаттаманы (ІІІ хаттама) ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қосымша айырым эмблемасына қатысты қосымша хаттама 2005 жылғы желтоқсанның 8-інде қабылданған. Бұл хаттама діни себептерге байланысты Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай эмблемасын қолданғысы келмейтін мемлекеттермен ұлттық қауымдастықтардың «Қызыл Кристалды» пайдалануы мақсатында әзірленген. Бұндай айырымды тану соғыс пен қақтығыстар кезінде гуманитарлық ұйым қызметкерлерінің жапа шеккендерге көмек берулерін оңтайландырады», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы Мұхтар Алтынбаев.
Яғни, аталған хаттама бойынша «Қызыл Кристалл» қосымша айырым эмблемасы танылатын болады. Сонымен бірге, жаңа эмблеманы пайдалану мүмкіндігі Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай эмблемасын айырым белгісі ретінде пайдаланғысы келмейтін ұлттық қоғамдар үшін Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Ай халықаралық қозғалысының мүшелігін тану және оған кіру үдерісін жеделдете түседі. Хаттама айырым эмблемаларына, атап айтқанда: Қызыл Крест пен Қызыл Жарты Айға, Қызыл Арыстан мен Күнге қатысты 1949 жылғы Женева конвенциясының және оларға 1977 жылы енгізілген екі Қосымшаның ережелерін мақұлдап, таниды.
Осыған орай, құжатты қабылдаған тараптар кез келген уақытта айырым эмблемалары мен олардың атауларын теріс пайдаланушылықтарды болдырмауға, жолын кесуге қажетті шараларды қабылдайды. Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылады.