Қызылағаш қалыпты өмірге оралуда
АЛМАТЫ. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Наурыздың 12-сі күні елімізде орын алған ірі апат - су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш, Ақтоған, Егінсу ауылдарының тұрғындары қалыпты өмірге оралды. Оралды дейтініміз, тұрғындардың басым бөлігі жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлап жатыр.
Кеше Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов тағы 200 тұрғынға жаңа үйдің кілтін тапсырды. Бұның 188-і Қызылағашта, 12-сі Ақтоғанда. Бұған дейін 19 мамыр күні 188 қызылағаштық, 6 ақтоғандық барлығы 145 тұрғын жаңа үйге кірген еді. Бүгінгі күнге дейін 345 жаңа баспана пайданауға берілген. Барлық үйлер замануи талапқа сай салынып, 25 түрлі мүлік пен үй қажеттіліктерімен қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі Серік Үмбетовтың айтуынша, Қызылағаш ауылындағы қалған үйлер мен қоғамдық нысандар осы айдың аяғында, қалған екі ауылдағы нысандар шілде айының аяғына дейін салынып бітеді. Бұл екі ауыл бойынша қазіргі кезде Ақтоғанда салынуы тиіс 56 үйдің 18-інің құрылысы аяқталып, 21 үйге күрделі жөндеу жасалған. Сондай-ақ 3,5 шақырымдық су құбыры тартылып біткен. Алдағы уақытта жаңа фельдшерлік пункт салынбақ. Ал Егінсуда 21 үйдің құрылысы мен 54 үйдің күрделі жөндеуі жалғасуда. 640 орындық мектеп пен 90 балаға лайықталған балабақшаға күрделі жөндеу жасалуда. 3 ауылда да 500-ден астам техника мен 4000-нан астам адам жұмылдырылған 69 мердігер компания жоспар бойынша қызу құрылыс жүргізіп жатыр. Тұрғындардың көңілі тоқ. Шығыны көп Қызылағашта 12 наурыздағы қайғының ізі қалмаған. Қазекем айтатын тірі адамның тіршілігі жалғасуда. Тұрғындар Елбасы мен Үкіметке, облыс әкімі мен оның командасына шексіз ризамыз деседі. Өйткені қолдануға берілген үйлер қазіргі заман талабына сай. Барлық көше асфальтталып, бұрын- соңды болмаған жаяу жүргіншілер жолы жасалған, су тартылып, көшелер түгел көгалдандырылу үстінде. Облыс әкімі Қызылағашқа 15 мың түп ағаш отырғызылып, саябақ бой көтеретінін айтады. Бұнымен қатар ауыл толығымен жарықтандырылып, телефон байланысы орнатылмақ. Аурухана, мәдениет үйі, монша, балабақша да жаңартылмақ. Қазіргі кезде бұл нысандар күрделі жөндеуден өткізілуде. Жөндеу аяқталған соң мектеп жанында жаңа стадион пайдалануға беріліп, бұрынғы мектеп-интернат ғимаратының 1, 2 қабаты балабақшаға, 3-ші қабаты 12 пәтерлі тұрғын үйге айналады. Ауылда құрылыс жұмыстарымен қатар егіс науқаны да назардан тыс қалмаған. Қазіргі кезде 1000 гектар жерге бидай, 1000 гектар жерге арпа себілген. Күзде алынған өнім тұрғындарға таратылып берілмек. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары аяқталса тұрғындарға мал алуға да көмек көрсетілетін болады. «Тұрғындардың тіркеу кітапшасы арқылы мал санын анықтап, мал алу үшін ақшалай көмек берілетін болады. Бұнымен қатар облыстың әр ауданына тасқыннан зардап шеккен 40-50 жанұядан бөліп беріп отырмыз. Аудандардан жалпы алғанда 6 мың қой, 500 жылқы, 500 сиыр келеді. Бұлар тұрғындарға таратылып беріледі», дейді Серік Үмбетов.
Бұл тасқыннан аман қалғандардың кешіп жатқан тірлігі. Ал сол апат кезінде опат болғандар да ұмытылмақ емес. Қазіргі кезде мүсінші Қаби Баулықовтың жасаған жобасы бекітіліп, дайындалуда. Ескерткіште ананың судан қайда қашарын, қалай құтыларын білмей аласұрған бейнесі бейнеленген. Толқындар қоршауындағы ананың баласын құшқан күйі жалғыз ағашқа жармасқан күйі көрініс тапқан. Бетон мен граниттен жасалатын ені 14, биіктігі 7 метр ескерткіш Алматы-Өскемен тас жолының оңтүстік беткейіне қойылмақ. Бұл ескерткіш жыл сайын наурыздың 12-сі күні апатқа душар болғандардың әруағына құран бағыштап, еске алатын орынға айналмақ. Облыс әкімінің айтуынша, барлық жұмыстарға қаржы жеткілікті, шашау шықпай орнымен жұмсалуда. 4 маусымдағы мәлімет бойынша су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға көмек ретінде жиналған қаржының көлемі 7 миллиард 393 миллион теңгені құрап отыр.
Көзбен көрген қазіргі Қызылағаштың халі осы. Жалпы ауыл түгелдей жаңарып, жасаруда. Шілденің соңында барлық құрылыс бітсе, осыдан 2 ай бұрынғы су шайып, қайғы жамылған ауылдың орнынан заманауи талапқа сай, жаңарған, жасарған ауылды көруге болады.