Қызылағаш су қоймасын жекеменшікке заңсыз берген А.Сабыровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қызылағаш су қоймасын жекеменшікке заңсыз берген Алматы облысының Су ресурстары жөніндегі комитетінің бұрынғы бастығы Ақдарбек Сабыровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректері бойынша аталған азамат 1998 жылы комитеттің төрағасы болып отырған кезде Қызылағаш су қоймасын ешбір төлемақысыз және пайдалану мерзімін анықтамай, жеке шаруа қожалығына берген. «Қазіргі кезде А.Сабыровқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 308 бабы, 3 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр», - дейді Қ.Жұманов.