«Қызылағаштағы қырғынға кім кінәлі?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Наурыздың 16-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда наурыздың 16-сы, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қызылағаштағы қырғынға кім кінәлі?» - республикалық  басылымдарға шолу

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Ақсу ауданындағы "Қызылағаш" су қоймасында орын алған апатты жою мәселесін талқылаған жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, Бас прокурор К.Мәми, сондай-ақ Үкімет мүшелері қатысты. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жұмыс бабындағы кеңес өткізді» деген тақырыппен берілген мақаладан оқыңыздар.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның түркі мәдениеті мен тарихын зерттеуге сіңірген еңбегі үшін 2010 жылды - "Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған жылы" деп жариялаған-ды. Алматыда ТҮРКСОЙ - Түркітілдес елдер мәдениет министрліктерінің тұрақты кеңесі, ҚР Ұлттық кітапханасы және Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті Ахмет Зәки Уәлиди Тоған зерттеулерінде" атты дөңгелек үстел өтіп, оған отандық белгілі тарихшы ғалымдар, башқұртстандық зерттеушілер мен Түркиядан арнайы келген ғалымның баласы Сүбедей Тоған қатысып, ғалымның қайраткерлік, ғылыми қызметі мен мұралары кеңінен сөз болды. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Түбі бір түркінің Тоғаны» деген атпен жарық көріпті. «Иә, біздер туыс елміз. Ендеше, Ахмет-Зәки Уәлиди бастап мұра етіп қалдырып кеткен екі халықтың арасындағы өзара ықылас, өзара жылылық, қолдау­шылық дәстүрді сақтап, одан әрі жалғастыруымыз керек»,-дейді басылым.

***

«Тыныш ұйқыда жатқан Қызылағаш ауылы оянуға да шамасы келместен, бір түн ішінде жермен-жексен болды. Қазір ауылдың үштен екісі жоқ. 17 көшенің біреуі ғана әупіріммен аман қалды деуге келеді. әйтпесе оның да сау-тамтығы жоқ. Сыйымдылығы 40 млн текше метр су қоймасына 42 млн текше метр су жиналса, қойсын ба, қопарды да кетті. Жеке қамын ғана ойлайтын жекеменшіктің жеткізген жері осы»,- деп жазды «Айқын» басылымының бүгінгі саны. Ауыл тұрғындары «бас болады» деп сенген әкім де, тұрғындардың айтуынша, қауіп сезілісімен, халқын тастап тайып тұрған. Бұл туралы толығырақ газеттегі «Қызылағаштағы қырғынға кім кінәлі?» атты мақаладан оқисыздар.

«Қазақстандық жоғары білім Еуропада мойындалады». Осы тақырыппен жарық көрген «Айқын» газетіндегі келесі жарияланымда Білім және ғылым министрі Ж. Түймебаев аталған мәселеге қатысты түсініктеме беріпті. Қазақстандық жоғары білімді халықаралық білім кеңістігімен ұштастырудың қажеттілігі мен маңызы қаншалықты? Осы және өзге де маңызды мәселелерге жауап іздесеңіз газеттің бүгінгі санына назар аударыңыз.

Аталмыш басылымның бүгінгі санында «Тастан жасалған бастар» атты қызықты мақала жарық көріпті. Мақалада Қазақ даласының ең бір көз тартар жерлерінің бірі - Павлодар облысы Баянауыл тауларындағы талай ғасырлар бойы дауыл, желмен және жаңбыр, қар суымен мүжілу нәтижесінде ғажайып кескіндерге айналған, кейбір кезде жануарларға, адамдарға ұқсайтын шыңдар мен пішіндер жайында әңгіме қозғалыпты.

***

БҰҰ-ның «Халықаралық Наурыз күні» атты қарары қабылданысымен, осы бір мерекенің түп тарихын зерттеу қызу қолға алына бастады. Өйткені, халықаралық ұйым қабылдаған кез келген құжатпен танысу - оған мүше мемлекеттердің айнымас міндеті. Осыған орай «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Амангелді Момышев Наурызға қатысты ой-пікірін оқырманмен бөлісіпті. Толығырақ газеттегі «Наурызды жыл басы ретінде жаңғырту керек» деген тақырыптағы сұхбатқа назар аударыңыз.

Президенттің Мәдениет орталығында «Қазақ әуендері» АҚ-ның ұйымдастыруымен ұлы ғалым, ағартушы, тарихшы, саяхатшы-географ Шоқан Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Кең даланың кемеңгері» атты әдеби-шығармашылық кеш өтті. Қатысушы көрермендерге ғалымның өмірлік жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін рухани кештің ашылуында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз алды. Кештің егжей-тегжейін «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы «Кең даланың кемеңгері» деген атпен берілген мақаладан оқи аласыздар.

Бүгінде әлем елдерінің біразы аспанмен таласқан зәулім ғимараттар салуды ізгі мақсатқа айналдырып отыр. Әлемнің жеті кереметіндей болмаса да, өте биік және ерекше пішінмен көз тартып, сүйіндіріп тұратын мұндай мұнаралар қай қаланың болмасын ажарын ашып, айшықтап тұрғаны рас. «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санындағы «Дуалы биік Дубай» атты келесі мақала соңғы жылдары үлкен еңбекпен талғамның арқасында дүниеге келген алып ғимараттардың бірі «Дубай» туралы жазыпты.

***

«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Алматыны тасқыннан құтқаратын карта әлі жасалмапты» атты мақала жарық көріпті. Аты айтып тұрғандай, мақала бірнеше тау өзені кесіп ағып жатқан, көктем келісімен топан су қаптау қаупі басым Алматы қаласына алаңдаушылық білдіріпті. «Топан су кезінде Алматы халқын қауіпсіз аймаққа көшірудің картасы тұрғындар түгіл, төтенше жағдайларға жауапты мамандардық қолында да жоқ екен. Қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте плотиналар жарылу кезінде тұрғындарды звакуациялаудың картасын жасау ісі Қызылағаштағы қаралы оқиғадан кейін ғана қолға алынып отыр», - дейді басылым.