Қызылорда 2 мың тонна бақша өнімдерін экспортқа шығармақ

«Ағымдағы жылы экспортқа 2 мың тонна бақша өнімін шығару жоспарлануда. Біз қазір бақша дақылдары мен майлы дақылдар, сондай-ақ, картоп пен өнеркәсіптік негіздегі көкөніс өсіруді ұлғайту бойынша жұмыстар жасаудамыз», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясында жасаған баяндамасында.
Әкімнің айтуынша, өнімдерді өндірудің негізгі үлесі ұсақ шаруашылықтарға тиесілі болғандықтан ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары белсенді атқарылуда. Қазіргі таңда облыста 64 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар 1325 жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп отыр.
Айта кету керек, сыртқы нарыққа шығарылатын экспорттың негізгі өнім түрлерін күріш пен балық құрайды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28 пайызға, ал, балық 8 пайызға өскен.
«Агрокартада» белгіленген шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің өсімі 2,4 есеге немесе 213 млрд теңгеге артатын болады», - деп атап өтті әкім.