Қызылорда: Ауыл арасында адам қаққан жүргізушіге іздеу жарияланды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында екі ауыл арасындағы жолда көлігімен адамды қағып кетіп, бой тасалаған жүргізушіге іздеу жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда: Ауыл арасында адам қаққан жүргізушіге іздеу жарияланды

Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға үстіміздегі жылы наурыздың 9-ынан 10-ына қараған түні Жаңақорған ауданындағы Жаңарық пен Байкенже ауылдары арасында болды. Адам өліміне алып келген апатқа кінәлі жүргізушінің аты-жөні белгісіз. Ол тізгіндеген автокөліктің маркасы да анықталмаған.

Қызылорда облыстық ІІД аталмыш жол-көлік оқиғасына қатысты қандай да бір мәліметке ие азаматтарды Ішкі істер департаментіне немесе Жаңақорған аудандық ішкі істер бөліміне хабарласуды сұрайды. Ақпараттың құпиялылығына кепілдік беріледі.

«Айта кетейік, ҚР Кылмыстық кодексінің 53-бабына сәйкес, кінәлі тұлға өз айыбын мойындап келуі - қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар болып табылады», - делінген хабарламада.

 

Әділет Қаңтарбаев.