«Қызылорда-Бесарық-Түркістан» пойызы қатынай бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 шілдеден бастап «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» бағытындағы алғашқы пойыз қатынай бастады.
«Бұл әлеуметтік маңызы бар бағыт болып табылады. Сол себепті облыс әкімдігі мен біздің компания арасында ұзақ мерзімдік қаржыландыру жөнінде 10 жылдық келісімге қол қойылды. Облыс басшылығымен тығыз байланысты одан әрі жалғастырып, таяу болашақта Сексеуіл-Қызылорда пойызын шығару жөнінде келісімге келеміз деп үміттенеміз», - деді салтанатты шара барысында «Қаламаңы тасымалы» АҚ басшысы Мұхтарбек Сүлейменов.
Қаламаңы пойызы бейсенбі мен сәрсенбіден басқа күндері аптасына бес рет қатынайтын болады. Вагондар қазіргі заман талабына сай ауа баптағыштармен жабдықталған. Жол жүру құны - 814 тенге.
Қызылорда облысының тұрғындарына қолайлы болу үшін пойыз екі бағытта да жолдағы барлық бекеттер мен разьездерге аялдайды. Аялдау нүктелерінің жалпы саны - 25, сол себепті жолда жүру уақыты 5 сағатты құрайды.