15:52, 04 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Қызылорда қаласында 100-ге жуық көше жөндеуден өтуде
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Қызылорда қаласында 100-ге жуық көшелер "Жол картасы" бойынша жөндеуден өткізілуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалығымен өткен мәжілісте облыс орталығындағы жолдарды жөндеу жұмыстарының барысы сарапталды. Қала әкімінің орынбасары Қалмырза Иманбаевтың айтуынша, жол жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі қыркүйек айының 20-на дейін толық аяқталады. Қазір жөндеуге жатқызылған 46 көшенің 30-ында жұмыс толықтай орындалып бітті. Сонымен қатар, 11 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталуға таяп қалса, 5 көшені жөндеуге дайындық жұмыстары басталып кетті. Одан өзге орташа жөндеу жұмыстары жасалып жатқан 16 көшедегі жұмыстың басым бөлігі еңсеріліп қалды. Жыл басында қала бойынша барлығы 98 көше жөнделеді деп жоспарланған еді. Дегенмен үнемделген қаржыға қосымша тағы 4 көше реттелетін болды.