Қызылорда қаласында коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті
Кеше Қызылорда қаласында жауынның арты көктайғаққа ұласты. Көлік және жаяу жүргіншілер жолдарын мұздан тазарту жұмыстарына 16 арнайы техника (5 трактор, 9 Камаз, 2 кіші тазалағыш техника) жұмылдырылып, 150 тоннадан астам құм мен тұз аралас қоспа себілді. 130 қызметкер жаяу жүргінші жолдарындағы мұздарды ойып, тазалау жұмыстарын жүргізген.
Бүгін түнгі сағат 3-тен бастап жауған қарды тазалау жұмыстарына «Қызылорда Тазалығы» ЖШС тарапынан 44 арнайы техника (10 арнайы құм-тұз себуге арналған КАМАЗ, 6 кіші техника, 5 трактор «Щетка», 3 УАЗ «Чистик», 2 «АМКАДОР» қар тазалағыш техика, 3 қар тиегіш КАМАЗ, 3 қар тиегіш трактор, 3 «МК-7» арнайы жабдықталған кіші техника, 7 қоқыс тасығыш техника, 1 грейдер, 1 жүк тиегіш техника) және қосалқы мердігер мекемелер тарапынан 7 дана арнайы техника жұмылдырылды.
Қазіргі таңда көшедегі мұздарды еріту мақсатында 336 тонна құм мен тұз аралас қоспа себілді. 180 қызметкер жаяу жүргінші жолдарын тазалау жұмыстарымен айналысып жатыр.