Қызылорда қаласында «Сыр сүлейлері» атты жаңа аллея құрылысы жүріп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. 27 тамыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда қаласында «Сыр сүлейлері» атты жаңа аллеяның құрылысы қолға алынды.

Қызылорда қаласында «Сыр сүлейлері» атты жаңа аллея құрылысы жүріп жатыр

Қашаннан да жыр елі атанған өңір­де осы күнге дейін өрелі өнер иелеріне ар­нал­ған арнайы орындар жоқ еді. Игі баста­ма сол олқылықтың орнын тол­тыр­ғалы отыр. Қаладағы Жібек жолы көшесінің бойынан орын тебетін аллея меймандарға да­рия бойындағы дүйім елдің мәдени қа­зы­наға бай екенін аңғартып тұратын болады. Онда Балқы Ба­зар, Тұрмағанбет, Нұртуған және Нартай се­кілді көптеген өнер иелерінің ес­керт­кіш­тері бой түзейді.

Аллеяны «Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің» тапсырысы негізінде «Агроспецмонтаж» өндірістік кооперативі салуда.

Қала әкімі М. Жайымбетов аллея құрылысы салынып жатқан аймақта болып, мердігерлердің жұмысын бақылауға алды.

Қала басшысының талабына сәйкес құрылыс жұмыстары қыркүйек айының ортасына дейін аяқталуы қажет.