Қызылорда күріші Еуропа мен Америкаға экспортталады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының аграрлық саласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл өңірдегі ауылдың дамуына оң серпін беріп отыр. Егін және мал шаруашылығында айтарлықтай өсім бар. Сондай-ақ, өнім өңдеу және экспортқа шығару ісі жолға қойылды. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев ҚазАқпарат тілшісі қойған сауалдарға жауап берді.
- Биыл өңірдің аграрлық саласында атқарылған істер аз емес. Судың тапшы болуына қарамастан егіншілер мол өнімге негіз қалады. Төрт түлікті түлетуде де ілкімді істер бар. Сөз басында сол игілікті істерге қысқаша тоқтала кеткеніңіз артық болмас.
- Сыр диқандары биылғы жылы да егін жинауды нәтижелі аяқтады. Атап айтқанда, биыл 188,5 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде негізгі дақыл - күріш көлемі 78,6 мың гектарды құрап, әр гектардан 56,7 центнерден өнім алынды. Бұл көрсеткіш егін даласындағы еңбеккерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында қол жеткізілді.

Кейінгі жылдары аймақтағы егін шаруашылығы саласының маңызды мәселесі су тапшылығы болып отыр. Осыған орай биыл Сырдария өзеніндегі су тапшылығын алдын алуға Үкімет резервінен 3,6 млрд.теңге қаржы бөлінді. Су тапшылығын ескере отырып, өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектар күріш алқабы қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін мал азықтық дақылдармен қатар картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 7,3 мың гектарға ұлғайтылды.

Облыс әкімі жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша тапсырма беріп, тиісті іс-шаралар іске асырылды. Бұл мақсатта Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда 1433 гектар қосымша жер дайындалды. Ол 6802 отбасыға бөлініп берілді. Бұл өз кезегінде өңірдің аграрлық аймақ ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
- Биыл тыңайтқыштар мен гербицидтердің бағасы қалай болды?
- Рас, биыл тыңайтқыштар мен гербицидтердің бағасы едәуір қымбаттады. Бұл өз кезегінде кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажетті көлемдегі тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алу мүмкіндігіне кері әсер етті. Күрделі жағдайға қарамастан ауыл шаруашылығы құрылымдары биыл егілген дақылдарға күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай өз мерзімінде жүргізді.

Егілген 78,6 мың гектар күріш егісінің 61,4 мың гектары арам шөптерге қарсы гербицидтермен толық өңделіп, 65,0 мың гектары тыңайтқыштармен толық үстеп қоректендірілді. Күзгі егін жинау және дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникалары толығымен жөндеуден өткізіліп 4 287 (1786 трактор, 847 комбайн, 472 жаткалар, 353 жүк көлігі және 831 трактор тіркемесі) қатысты.
Күзгі егін жинау науқаны оңтайлы мерзімінде жүргізіліп, толық аяқталды. Күздік бидай дақылынан 10,2 мың тонна, жаздық бидайдан 4,2 мың тонна, жаздық арпадан 174 тонна, тарыдан 1789,2 тонна, дән жүгеріден 3163 тонна өнім жиналды. Ал картоп, көкөніс және бақша дақылдарынан 420 мың тоннаға жуық өнім келді. Сондай-ақ, майлы дақыл күнбағыстан 160,8, соядан 516,3, мақсарыдан 5 122 тонна өнім алынды.

Мал азықтық дақылдарды дайындау мақсатында ескі жоңышқа 3 рет орылып, барлығы 278,8 мың тонна шөп дайындалды. Бұдан бөлек, биылғы жылы егілген жаңа жоңышқадан 22,7 мың тонна жоңышқа шөбі жиналды.
- Өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілді? Өнім өндіру деңгейі қалай болып жатыр?
- Биыл 10,3 млрд теңге сомасына 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде бұл салада 271 жаңа жұмыс орны құрылады. Су тапшылығының жағдайына қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде тұрақты өсім байқалуда. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығында 161,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Атап айтқанда, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 61,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4%-ға артып отыр.
Алда үлкен міндеттер бар. Келешекте сүт, ет, жұмыртқа, картоп және ұн өнімдерін, құс еті мен жылыжай көкөністерін өндіруді дамытуға назар аударылады. Мәселен, бүгінде Арал қаласында ұн өндірісі қалпына келтірілсе, Қармақшы ауданында құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Оған қоса Қызылордада ет комбинаты, жылыжай салу және көпжылдық жеміс екпелерінің аумағын кеңейту қолға алынады. Сондай-ақ, Шиелі ауданында және Қызылордада жұмыртқа өндірісі дамуда.

Ұлттық жоба аясында биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдауға 18,4 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға артты. Оның ішінде 3,8 млрд теңге егін, 3,2 млрд теңге мал шаруашылығын қолдауға бағытталған. Ал 4,2 млрд теңге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, инвестициялық субсидиялауға қарастырылады. Ал 5,3 млрд теңге ауылдық елді мекендердегі жобаларды несиелендіруге және әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағаларын тұрақтандыру үшін мамандандырылған ұйымдарға несие беруге бөлінеді деп күтілуде.
- Кейінгі жылдарда өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару ісі жолға қойылғанын байқап жүрміз. Биыл бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
- Биылғы жылғы 1 қазанда облыс еңбеккерлері 100 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығарды. Олардың қатарында күріш, балық, кебек, қамыс, қауын, қарбыз, көкөніс бар. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 170,6%-ды құрайды. Өнімдер әлемнің 21 еліне экспортталды. Олардың 87,7%-ын күріш өнімі құрап, ол Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Иракқа жіберілді.
Сондай-ақ облыстан Ресей, Әзербайжан, Польша, Грузия, Венгрия, Литва, Германия, Чехия, Нидерланды және Австрияға 2 539,1 тонна балық жөнелтілді. Ал Германия, Дания және Нидерландыға 2 210,6 тонна қамыс, Ресейге, Өзбекстанға және Тәжікстанға 1 126,8 тонна кебек жіберілді. Оған қоса Ресейге облыстан 280 тонна қызанақ, 2 183 тонна қарбыз, 305 тонна қауын сатылды.
Айта кетерлігі, облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кешенді маркетингтік зерттеулер негізінде облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың агрокартасы жүзеге асырылуда. Алғашқы кезекте экспорттық әлеуеті жоғары секторлар анықталды. Әсіресе, күріш, бақша дақылдары, балық, жылқы еті, сиыр еті мен қой етіне назар аударылды.
Рас, кейінгі жылдарда экспортқа шығатын өнім түрлерінің саны артты. Мәселен, 2013 жылы өнімнің тек балық, күріш және кебек секілді өнімнің үш түрі шетелге шығарылған. Бүгінде аталған көрсеткіш 20-дан астам өнім түрін құрайды (балық, күріш, кебек, қауын, қарбыз, картоп, өсімдік шырындары, рапс және күнбағыс тұқымдары, сабан (мякина), көкөністер, арпа, бидай, қой, ірі қара және түйе).
- Экспортқа шығатын өнімдер арасында күріш негізгі өнім болып отыр ма?
- Күріш әрі қарай өңірдің экспортқа бағдарланған негізгі өнімі болып қала береді. Балық өнімдерін, бақша өнімдерін экспорттау жалғасады. «Сыр маржаны» ЖШС ет комбинатын салу жөніндегі жобаны іске асыруға қарай өңделген ет өнімдерінің экспортын жолға қоюды жоспарлап отыр.
Ірі компаниялар ондаған жылдар бойы жақын және алыс шет елдердің серіктестерімен жұмыс істеп келеді. Олардың тарапынан 16 елге экспортқа күріш жіберетін қол қойылған келісім-шарттар бар. Қызылорда күрішін Еуропа, Америка, ТМД барлық елі тұтынуда. «Абзал және К» толық серіктестігі ел бойынша күріш жармасы нарығының ең үлкен үлесін алып отыр.
- Жаңақорған ауданындағы өсірілген қарбызға өзге елдер тарапынан үлкен сұраныс болып жатқанын білеміз. Сондай-ақ, Арал ауданындағы тұз өнімдеріне де көрші елдер қызығушылық білдіруде. Экспортқа шығаруға байланысты олардың үлесі салмағы қалай болып жатыр?
- Иә, Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма ауылындағы «Жиделі» шаруа қожалығына өсіріліген қарбыздар Ресейдің Магнитогорск, Қорған және Челябі қалаларына жіберілуде. Сондай-ақ, ол мемлекетте біздің қауын өніміне де сұраныс бар. Олар осы қалалардың тұтынушыларымен көптеген жыл бойы ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді.
Облыстан «Аралтұз» АҚ тұзы да экспортқа шығады. Бұл республикадағы ас тұзы мен техникалық тұзды-тамақ, техникалық, жем-шөп және көктайғаққа қарсы қоспаны өндіру және өндіру жөніндегі ірі компаниялардың бірі
Балық экспорты да өсуде. Облыстың Арал және Қазалы аудандарында жылдық қуаты 17 400 тоннадан асатын бірнеше заманауи балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді.
- Аграрлық саланың тағы бір бағыты – мал шаруашылығында қандай өзгерістер бар? Төрт түліктің саны көбейіп келе ме?
Облыс бойынша ағымдағы жылдың 1 қарашасына 406,6 мың бас мүйізді ірі қара, 831,3 мың қой мен ешкі, 202,4 мың жылқы, 61,5 мың түйе және 122,7 мың құс тіркелген. Мал басын былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 8, қой мен ешкі 4,6, жылқы 17, түйе 7, құс 2 %-ға көбейген.
Есепті кезеңде тірі салмақта 31,3 мың тонна ет 75,7 мың тонна сүт және 6,7 млн. дана жұмыртқа өндіріліді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 1,9, сүт өндірісі 1,2, жұмыртқа өндірісі 2,3%-ға артты.
- Әңгімеңізге рақмет.