«Қызылорда қызылсудың астында қалмасын...» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қарашаның 17-сі. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 17-сі, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен елімізде қаржы секторын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес болып өтті. Кеңесте алдағы уақытта еліміздің қаржы саласын дамыту және Дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстанның қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы талқыланды. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Қаржы секторына қалыптылық қажет» деген тақырыппен берілген мақала аталмыш отырысқа егжей-тегжейлі тоқталыпты.
Мемлекет басшысы Ұлттық банкке нақты және қаржы активтері нарығындағы теңгерімсіздік пен «көпіршіктердің» пайда болуының алдын күні бұрын алу және болдырмаудың оңтайлы тетіктерін жасауды, сондай-ақ экономиканың қаржы секторының жүйелі тәуекелдерін мейілінше азайтуды тапсырды, деп жазған «Казахстанская правда» газеті «Тұжырымдама дағдарыстан кейінгі дамуымызды қалай қаржыландырамыз» деген сауалға нақты жауап беруі тиіс», деген Елбасының сөзін келтірген.
Осы тақырыптағы мақаланы «Литер», «Время», «Айқын» газетінің бүгінгі санынан да оқуғ болады.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бір күндік жұмыс сапарымен өткен сенбі күні Павлодар облысында болды. Үкімет басшысы өндірісті өңірге келген сапарын облыс орталығына қарасты Кенжекөл ауылы маңында орналасқан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған отбасы үлгісіндегі балалар ауылы кешенінен бастады. Толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Ел дамуын өндірістер үлесі айқындайды» деген мақаладан оқи аласыздар.
«Өмірде міз бақпайтын қоғамдық жүйеден әбден көңілі қалған, күйіп-пісіп әділет іздеуден, басқаның қайғысын бит шаққандай көрмейтін басшысымақтардан түңілген адам ақырында өзі де солай болып кетеді», дейді поэзия падишасы Фариза апамыз. Аталмыш басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Өз халқыңды сүю- көпірме сөз емес, оған деген жанашырлық» тақырыбындағы сұхбатта ақберен ақын Фариза өзекті тақырыптарға ой өрбітеді.
***
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістен қалалық әкімдігіне қарасты Иқан ауылындағы мақта зауыты өртеніп кетті. «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы « 700 тонна мақта өртеніп кетті» деген тақырыптағы мақала осы келеңсіз жағдайды егжей-тегжейлі жазыпты.
«Кино - ұлттық болмысты тәрбиелейтін және насихаттайтын идеологиялық құрал, рухани байлық. Жасыратыны жоқ, қалың қазақ көрермендері талай жылдан бері кино мамандарына өкпелі», - деп жазған «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы келесі мақала «Адасқандар» - қоғамның қасіреті» деген тақырыппен қазақ кино саласындағы өзекті мәселелерге тоқталыпты.
***
«Әзірге қала тұрғындары үшін тұмау келер қауіп болмағанмен, жедел респираторлы-вирусты індет іргемізде жүр», - деп жазған «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы мақала «Ауырмайтын жол ізде» деген тақырыппен қорқынышты A/H1N1 тұмауынан сақтануға шақырыпты.
«Толағайдың түпнұсқасы (прототипі) Әбділда ақынның өзіндей көрінеді. Расында рухымызды өшіргісі келген барлық қасіретіміздің қасында, барлық рухани жаңаруымыздың басында болған Әбділда Тәжібайұлы - Жыр-Толағайымыз!». Осылай ой тербеген аталмыш басылымдағы Құлбек Ергөбектің мақаласы «Жыр -толағай» деген тақырыппен берілген.
***
«Қызылорда қызылсудың астында қалмасын...». Осы тақырыппен берілген «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы мақала қызылордалықтарды алаңдатып отырған өзекті мәселеге тоқталыпты.
«Қазіргі күні Нарын-Сырдария алабында су деңгейі көтеріліп тұр. Осы күндері онда 20 млрд 539 млн текше метр су бар. Ол былтырғы жылдың дәл осы кезеңіндегіден едәуір артық. Қысқы мезгілде «Шардара» су қоймасына жоғары жақтан 14 млрд текше метр шамасында су келеді деп болжанып отыр. Ал су қоймасының сыйымдылығы бар болғаны 5 млрд текше метр. Әзірге аталған орында 1,6 млрд текше метр су жиналған. Оған құйылған су күннен-күнге көбейе түскен. Қытымыр қыс қыр астына келгенде қызылордалықтар дария деңгейіне алаңдайды»,- дейді басылым.
«Ұстанымы дүдамал діни топтар тарапынан азаматтар құқығына нұқсан келтіріп жататын оқиғалар - жиі орын алатын құбылыс. Азаматтардың дүние танымына теріс бағыт беріп, жеке өміріне қол сұғып, мүлкінен айырып, кейде тіпті адамның ең қымбат байлығы - шыбын жанын құрбандыққа шалған оқиғалар да құқық қорғау органдарының тіркеуінде аз емес. Ендеше біздің мақсатымыз осындай келеңсіздіктерге жетелейтін діни топтардың қаупінен құтқарудың жолын іздеу еді»,-деп жазған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Қазір әлемдегі діндердің саны, бағыттары, олардың тармақталуы өте кең ауқымда көрініс беріп отыр» деген тақырыппен берілген.
Қазақ халқының тұңғыш кәсіби мүсіншісі - Хакімжан Наурызбаев екенін біреу білсе, енді бірі біле бермейді. Қазақ мүсін өнерінің негізін қалаған тұлғаның қолынан шыққан көпшілікке ең танымал туындылары - Абай, Жамбыл, Шоқан, Амангелді, Құрманғазы, Дина ескеркіштері бар. Біртуар азамат Хакімжан Наурызбаев туралы білгіңіз келсе, «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мүсінші» тақырыбындағы мақалаға көз жүгіртіңіз.
Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімовтың айтуынша, елімізде 22 миллиард тонна түрлі қалдықтар жиналып қалған, соның төрттен бірі улы. Бұл проблеманы шешу үшін өндіріс пен тұтыныстың қалдықтарын кешенді басқару жөніндегі орталық, «Жасыл даму орталығы» деп аталатын жаңа кәсіпорын құру жоспарлануда. Бұл турасында «Экспресс К» газеті хабарлайды.
«Үкімет Басшысы Кәрім Мәсімов Елбасының тікелей желідегі сұқбатына келіп түскен сұрақтар бойынша жауапты мемлекеттік органдар қарашаның 18-інен желтоқсанның 10-ына дейінгі аралықта берулері тиіс», дейді «Литер» басылымы. Премьер-министрдің осы және жанар-жағар май нарығындағы, сондай-ақ өзге де мәселелерді шешу тұрғысындағы тапсырмалары туралы материалды «Экспресс К», «Известия-Казахстан» басылымдарынан да толық оқуға болады.