Қызылорда мектептерінде жаратылыстану пәндері ағылшынша оқытылмақ

  ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жаратылыстану бағытындағы пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді көздейтін оқу бағдарламасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жаратылыстану бағытындағы пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді көздейтін бағдарламаны қолға алдық. Облыс бойынша жоғары сыныптарда математика, физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде игеруді барлық мектептерде бірдей енгізілмейді. Бұл жүйеге арнайы іріктеуден өткен мектеп-лицейлер мен мектеп-гимназиялары кіретін болады, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев.

Өңірде 2015-2016 оқу жылы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесінде білім беретін 46 инновациялық мектеп-лицейлер мен мектеп-гимназиялар қалыптастырылды.

 2016-2017 оқу жылында аталған мектептердегі 320 лицей сыныптарындағы 7358 оқушыға ағылшын тілі пәні аптасына 5 сағат көлемінде оқытылып келген. Жаңа оқу жылында олар ағылшын тілінде пәндердің терминологиясын игеруге көшіп, келесі оқу жылынан бастап, 10-11 сыныптарда оқу пәнінің мазмұнын ағылшын тілін пайдаланып отырып, игеретін болады.

«Осы мақсатта 210 пән мұғалімдері арнайы тіл меңгеру курстарынан өтіп, әрбір сыныптағы оқу пәндерінің ағылшынша терминологиясын игеруге қажетті оқу құралдарын даярлау қолға алынды. Оқу жоспары бойынша лицей, гимназия сыныптарында аптасына 4 сағат көлемінде жаратылыстану, гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқыту және ғылым негіздері бойынша 1500сағат көлемінде ғалымдардың дәрістерін тыңдау жүзеге асырылды», - деп атап өтті білім басқармасының басшысы.

Сайлыбаевтың айтуына қарағанда, облыста құрамында инновациялық мектеп-лицейлер, мектеп-лицей-интернаттар, мамандандырылғын мектептер мен білімгерлер академиясы бар білім берудің сапасын басқару жүйесі қалыптастырылуда.

«Әрине, білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін екі тілді қатар меңгерген педагогтың қажеттілігі белгілі. Бүгінгі күні маман боп қалыптасқан пән мұғалімдеріне арнайы курстар арқылы ағылшын тілі үйретілуде», - дейді ол.

Облыстық білім бөлімінің басшысы бұл бағыттарда қордаланған мәселелердің да бар екендігін айтты. Мәселен, ағылшын тілін меңгеруде колледждер мен университеттерде кәсіби педагогикалық білімді 2 тілде қатар меңгерген білікті мамандарды даярлау мәселесі бүгінгі күні өзекті.

«Аталған мәселені шешу үшін 2015 жылдан бастап республикалық әдістемелік орталық болып табылатын М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Білім-инновация» халықаралық қорының қолдауымен ағылшын тілін меңгерген негізгі мектептің математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлау қолға алынды. Қажетті оқу-әдістемелік құралдары мен 2 тілді меңгерген мамандармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні колледждің 3 курсында  225 студент осы бағдарлама бойынша білім алуда. 2018-2019 оқу жылы «Ағылшын тілін меңгерген пән мұғалімі» біліктілігін алған алғашқы 75 маман инновациялық мектептерде жұмыс жасайтын болады», - деп атап өтті Сайлыбаев.

Соңғы жаңалықтар