Қызылорда мен Қырғызстанның Нарын қаласы өзар ынтымақтаспақ

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
Кездесуге Қырғыз Республикасының ІІІ дәрежелі мемлекеттік кеңесшісі, Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы президентінің ғылыми хатшысы Ормушев Калнур Келдибекұлы, «Қырғызстан» партиясы төрағасының орынбасары, Нарын қалалық кеңесінің депутаты Курманов Давид Усенбекұлы және Қызылорда қаласының активі қатысты.
Жүздесу барысында қала әкімі Н.Нәлібаев Қазақ елі мен қырғыз бауырлар арасында әдеби, рухани, әлеуметтік - экономикалық байланыстардың сан ғасырлар бойы үзілмей келгендігін атап өтті.
«Ежелден еншісі бөлінбеген екі елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрыптары, тіпті талайлы тағдыры да ұқсас келеді. Қарт Алатаудың қос бетін мекендеген екі халық арасында жыр көші де толастамаған. Таудай тұлғалы Абай мен Манастың, көмекейіне бозторғай ұя салған Тоқтағұл мен Жамбылдың, заманымыздың заңғар биігіне айналған Мұхтар мен Шыңғыстың егіз елдің әдебиетінің көшбастаушылары ғана емес, рухани бауырластықтың дәнекері ретінде де шоқтығы биік тұрады.
Осы ретте, «Қазақ - қырғыз бір туған» деп, ата-бабаларымыз жалғап кеткен алтын көпірдің іргесін берік ұстап, екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайту сіздер мен біздердің басты парызымыз деп білемін. Бүгінгі басқосуымыз да осыны аңғартады. Ендеше, Сыр елінің бас шаһарына қош келдіңіздер», - дей келе, қонақтарға Қызылорда қаласының тарихы мен бүгінгі жетістіктері туралы қысқаша айтып өтті.
12 баптан тұратын меморандумда екі қала арасында инвестиция тарту, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт және туризм секілді әлеуметтік салалар бойынша ынтымақтастықты арттыру мәселесі қарастырылған.
Жиын соңында, Нұрлыбек Машбекұлы қонақтарға естелік сыйлықтар табыстап, бауырлас екі елдің арасындағы іскерлік, әріптестік ынтымақтастықтың артуына септігі мол серпінді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды және Қызылордада алғашқы рет ұйымдастырылған «Арал халықаралық тұрақты даму форумына» атсалысып, ортақ мәселеге ой қосуға арнайы келгендері үшін алғыс білдірді.