Қызылорда облыстық соты балалар бақшасының мүддесін қорғады
ҚЫЗЫЛОРДА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапкер «Жазира» балабақшасы МКҚК-нің жауапкер ЖК «Ж.Мысинаны» мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы
азаматтық ісін қарап, мәселені оң шешіп берді, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотта талапкер «Жазира» балабақшасы МКҚК өкілі талап арызды қуаттап, өз жауабында Арал аудандық білім бөлімі балабақшаға әр түрлі заттарды сатып алу үшін бір көзден алу тәсілімен конкурс өткізіп, онда «Мысина Жеңісгүл» жеке кәсіпкердің жеңімпаз болып танылғанын айтты. Осылайша екі жақ келісім шартқа отырып, 2011 жылғы 25 маусымға дейін жауапкер 876 250 тенгенің әр түрлі тауарын жеткізуге міндеттенген. Алайда, жауапкер осы күнге дейін өз міндеттемесін толық орындамай, тек 475 810 тенгенің затын әкеліп берген. Талапкер тарапынан жауапкердің есеп шотына осы ақша аударылған. Қалған 400 440 теңгенің тауары әлі әкелінбеген. Осыған орай жасалған ескерту хаттар жауапсыз қалған. Сол себептен наразы жақ ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңын негізге ала отыра, жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды сұрады.
Сот талапкер өкілінің пікірін тыңдап, істегі құжаттарды зерттеп, прокурордың қорытындысын ескере отыра, талап арызды қанағаттандырып, жауапкер жеке кәсіпкер «Мысина Жеңісгүл Камалдиярқызын» мемлекеттік сатып алу туралы жасасқан шарт бойынша міндеттемелерін тиісті дәрежеде орындамауына байланысты, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп таныды.