Қызылорда облысы биылғы бірінші тоқсанда 173,3 млрд. теңгенің өнімін өндірді
Облыстың алғашқы үш айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов баяндады.
«2017 жылдың қаңтар-наурызында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 173,3 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Нақты көлем индексі 95,4 пайыз болды. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде де өсу байқалуда. Тамақ өнімдері және басқалай метал емес минералдық өнімдердің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 9,6 пайызға жетті»,- деді Ысқақов.
Жалпы, облыс экономикасының маңызды бағыттарында өсім бар. Мысалы, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 26,6 млрд. теңгені құрады (өсім - 4,6%), құрылыс жұмыстарының көлемі - 5,7 млрд. теңге (өсім - 6,1%). 137,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (өсім - 37,1%).
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6,9 млрд.теңгені құрады (өсім - 2,4%). Мемлекеттік бюджетке 24 387,5 млн. теңге салық және басқа да міндетті төлемдерден түсім түсті немесе болжамға сәйкес 110,0% болды. Оның ішінде республикалық бюджетке 14 551 млн. теңге (болжамға сәйкес 102,6%), жергілікті бюджетке 9 836,5 млн. теңге (болжамға сәйкес 123,2 %) түсті.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Аманжол Алдажаров, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасады.
Кеңейтілген мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жылдың алғашқы тоқсанында жақсы нәтижелерге қол жеткенін және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін жұмыстарды одан ары жалғастыруды тапсырды.