Қызылорда облысы: Ең басты міндет - жұмыссыздықты 4,9 пайызға азайту

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биыл 1 кент және 13 ауылдық округ жаңа бюджеттік саясатқа өтті. Енді ауыл әкімдері өз бюджеттеріне қосымша қаржы түсіріп, ішкі шаруасын шешуде қаржылық негіз болатын шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жасауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы: Ең басты міндет - жұмыссыздықты 4,9 пайызға азайту

"Биылғы жылдың ең басты міндеті - жұмыссыздықты 4,9 пайызға азайту. Осы жылдың қаңтарынан күшіне енген «Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы» көптеген отбасына қиындықтар тудыру қаупі бар. Біздің алдымызда, әлеуметтік көмек алатын 710 отбасыны жұмыспен қамту міндеті тұр. Бұл бағытта әрбір елді мекеннен кемінде 30 отбасының өз кәсібін ашу үшін несие алуына көмектесеміз, сол арқылы жұмыссыздықты азайтамыз»,- деді  бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы.

Сонымен қатар, ауданға қарасты ауылдарда шаштараз, монша, киім тігу цехтары жоқ. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып, несие немесе гранттық қаржыларға осы кәсіп түрлерін қолға алу жоспарлануда.

Айта кету керек, биыл кент орталығынан 6 жерден жеке кәсіпкерлер есебінен скверлер салынбақшы. Сондай-ақ, осындай жұмыс жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен елді мекендерде де жүргізіледі.