Қызылорда облысында 23 инновациялық жоба жүзеге асырылады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 604 млрд теңгенің 23 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 6,2 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы жөніндегі республикалық конференцияда мәлім етті.

 Қызылорда облысында 23 инновациялық жоба жүзеге асырылады

«Бүгінде біз осы бағдарлама аясында бірқатар ірі индустриалдық-инновациялық жобаларды іске асырудамыз. Қазір құрылысы жүргізіліп жатқан (америкалық инвестормен бірге) шыны зауыты жабдықтарының 50% жеткізілді. Кәсіпорынды кесте бойынша 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жабдықтардың барлығы дерлік АҚШ пен Еуропадан жеткізілуде. «Бала-Сауысқандық» ванадий кен орнында тәжірибелік-өндірістік зерттеу жұмыстары аяқталды. Аммонидің метаванадатының алғашқы бөлігі сынақтан өткізу үшін АҚШ, Тайвань мен Ресейге жөнелтілді. Жобаның екінші және үшінші кезеңдерін қаржыландыру үшін 2016 жылдың қараша айында Лондон қаласында Қазақ-Британ үкіметаралық комиссиясының үшінші отырысы аясында инвестициялық келісім шартқа қол қойылады деп күтілуде», - деп хабарлады облыс әкімі.
Сонымен қатар, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинаты және қуаты 80 мВт болатын газ турбиналық электр стансасы құрылыстарының дайындық жұмыстары басталды. Өңдеу зауыты мен салу үшін дайындық жұмыстары басталды. Ферроқорытпа зауытының құрылысын салу жұмыстары да жалғасуда.

Биыл 23 тамызда Варшава қаласында поляк компаниясымен ферроқорытпа зауытының жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Польшаның Ұлттық банкі жобаны 300 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыландыруға дайын екендіктерін растады.

Мұндай ауқымды инновациялық өндіріс орындарын салу облысқа шикізатқа тәуелділіктен арылуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек жаңа кәсіпорындарда көптеген жұмыс орындары ашылады. Ол өз кезегінде тұрғындардың әлеуметтік ахуалына оң әсер ететін болады.