Қызылорда облысында 239 адам заңсыз есірткі бизнесімен айналысқан

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы сот саласының 2016 жылы атқарылған жұмыстары бойынша баспасөз конференциясы өткізілді, - деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қызылорда облысында 239  адам заңсыз есірткі бизнесімен айналысқан

Брифинг барысында облыстық соттың қылмыстық істер бойынша алқа төрағасы Бақытжан Қалымбет салада атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Алқа төрағасының ақпаратына сәйкес, 2016 жылдың 12 айында жергілікті соттарға 1727 қылмыстық іс түсіп, өткен жылдан қалған істердің саны 86-ны құрады. Осы аралықта 726 адамға қатысты 617 іс өндірістен қысқартылды.  Есепті кезеңде кінәні мойындау тәртібі процестік келісіммен 68 қылмыстық іс қаралып, теріс қылық жасаған 325 адамға жаза қолданылған.

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты 2016 жылдың 12 айында аудандық және оған теңестірілген соттарда 39 адамға қатысты 35 іс, есірткінің заңсыз айналымына байланысты  239  адамға қатысты 213 іс қаралған.

Медиация тәртібімен 335 қылмыстық және 485 азаматтық, 86 әкімшілік іс, партисипативтік рәсім қолданылып, 14 азаматтық іс қаралған.

Сондай-ақ, брифинг соңында облыстық соттың баспасөз қызметін үйлестіруші судьясы Артур Наримов алдағы уақытта журналистер арасында ұйымдастырылатын «Сот репортері» байқауының талаптарын түсіндірді.