Қызылорда облысында 5 мың метр тереңдіктен мұнай бұрғылау қолға алынбақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды. Оны өңір басшысы Қырымбек Көшербаев таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет бастамасымен Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бүгінде кешенді жоспар әзірленді. Ол 119 шарадан құралып, құны 219 млрд теңге болды. Оның 156 млрд теңгесі - респубилкалық бюджеттен, 50,6 млрд теңгесі - жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд теңгесі - басқа қаржы көздерінен болмақ», - деді ол.
Осы ретте ол кешенді жоспарда қаралған нақты бағыттарға тоқталды.
«Бүгінгі күні облыста қолданыстағы мұнай кен орындары 50 пайызға сарқылып, мұнай 1,5-2 мың метр тереңдіктен ғана алынып жатыр. Сондықтан жоғарыда аталған кен орындарында 5 мың метрден аса тереңдікте бұрғылауды ұсынамыз. Ол үшін 11 млрд теңгені қажет ететін тиісті геологиялық барлау-зерттеу жүргізу қажет», - деді Қ.Көшербаев.
Облыс басшысы «Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстарына да тоқталды.
«Байқоңыр» Қазақстан, сондай-ақ жалпы өңірді экономиклық өсірудің локомотиві болмақ. Онда көпсалалы өнеркәсіп және ғарыштық туризм салаларын дамытудың арқасында инвестиция ағыны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Жоба мемлекет басшысы және үкіметаралық комиссия тарапынан қолдау тапты», - деді өңір әкімі.
Отырыс барысында ҚР Премьер-министрі кешенді жоспарын Министрлер кабинетінің қабылдауына шығарып, ол қолдауға ие болды.
«Елбасы Қызылорда облысының кешенді даму жоспарын әзірлеу бойынша тапсырма берген болатын. Облыстың кешенді даму жоспары осы аймақтың дамуына серпін береді», - деп атап өтті Үкімет басшысы.