Қызылорда облысында 6 айда 313,4млн. теңгенің жалақысы прокуратураның ықпал етуімен тиісті иелеріне бергізілді
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ -Қызылорда облыстық прокуратурасы үстіміздегі жылдың басында облыс көлеміндегі мемлекеттік кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысшылардың жалақыларына қарыздары едәуір көбейіп кетуіне байланысты жалақыға қарыздары бар мекемелер басшылары қатысқан жиын өткізді.
Жиында қала, аудан әкімдеріне қалыптасқан жалақы қарыздарын төлеуге тиісті шаралар жайы айтылды. Атқарылған жұмыстар мен дер кезінде қолданылған ықпал ету шаралары нәтижесінде 2010 жылдың 6 айында 24 мекеменің 7658 жұмысшылары алдындағы 313,4 млн. теңге жалақы қарыздарының төлемі қамтамасыз етілді. Осының нәтижесінде алғашқы жартыжылдықта жұмысшылардың жалақы қарыздары 140, 3 млн. теңгеден 101,8 млн. теңгеге дейін азайды.
Атап айтқанда, енгізілген прокурорлық ықпал ету актілерінің қаралу нәтижелерімен «Су жүйесі» МКК-нің - 45,2 млн., «Жолқұрылыс» ЖШС-нің -9,5 млн., «Құмкөл Сервис» ЖШС-нің - 45,9 млн., «Аралтұз» АҚ-ның - 12,2 млн., «Тасбұлақ» ЖШС-нің - 12 млн., «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің - 32,1 млн., «Сырдария мұнай» АҚ-ның - 7,6 млн., «Орта Азия көлігі» ЖШС-нің - 36,5 млн., «КУТТ» ЖШС-нің 35 млн. теңге жалақы қарыздары өтелді. Дегенмен, үстіміздегі жылғы шілденің 1-дегі жағдай бойынша облыстағы 12 кәсіпорынның 2667 жұмысшысы алдындағы жалпы қарыздары 101,8 млн. теңгені құрап отыр.