13:57, 19 Тамыз 2022 | GMT +5
Қызылорда облысында 6 млн теңгенің ұялы телефондарын ұрлап кетті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында техникалық бұйымдар сататын сауда орталығына ұрлыққа түскен ер адам 6 млн теңгеге жуық шығын келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Оқиға Арал қаласында орналасқан сауда үйінің бірінде болған. Белгісіз азамат сауда орталығы есігінің әйнегін сындырып кіріп, ұялы телефондарды ұрлап кеткен. Келтірілген шығын мөлшері - 5 млн 894 мың теңге.
«Оқиғаға сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3 бөлігінің 1,3-тармақтарымен (Ұрлық) қылмыстық іс тіркелді. Күдікті іздестіріліп, бейнебақылау жүйелеріне мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ, аталған қылмысты ашуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды», - деді Арал аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрбек Шегебаев.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында биыл 288 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген.