Қызылорда облысында Азиада алауын алып жүретіндердің есімдері белгілі болды

ҚЫЗЫЛОРДА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Үстіміздегі жылғы 11 қаңтарда Әл-Куәйттегі Азия Олимпиада кеңесінің штаб-пәтерінде жағылатын XVII Азия ойындарының алауы ертеңіне Алматыға жеткізіліп, одан әрі еліміздің барлық облыстарын аралап кететіні белгілі. Республикамыздың қиыр-қиырын 20 күн бойы аралап өтетін алау эстафетасы Сыр өңіріне де жетеді.

Қызылорда облысында Азиада алауын алып жүретіндердің есімдері белгілі болды

Қазір Қызылорда облысында осы алауды алып жүгіретін бақытты жандардың есімдері толық белгілі болды. Осы тізімге Михаил Дмитриев, Сұлтан Әбенов, Павел Ким, Наталья Лептикова, Андрей Кашечкин секілді облыстан шыққан спорт ардагерлерімен бірге, бүгінгі күні спорт ареналарында атой салып жүрген Ольга Егунова, Гүлзира Ысқақова, Өміржан Әбдірахманов, Әсел Дәлиева сынды қызылордалық танымал спортшылар да енгізілген. Бұл қатарда сондай-ақ өрттен жұртты құтқарған өжет жігіт те, көксеркені көтере шабатын көкпаршы да жүр. Одан қалды, алаушылар сапынан Бақтияр Тайлақбаев, Жеңіс Сейдоллаұлы, Құдайберген Бекішев, Алмас Кішкенбаев, Мәдина Сәдуақасова, Ғани Құлжанов секілді әнші-әртістер де табылады. Бір ғажабы, бұлардың бірде-бірі қазір облыста тұрмайды.

Оның есесіне, Қызылорда спортына айрықша еңбектері сіңген, базбірі халықаралық ареналарда облысқа жүлделер алып берген Әбіл Қалымбетов, Тілеухен Тұрмағамбетов, Жамал Бозова, Ғалия Өлментаева, Ермек Көкетов сияқты осы күндері Қызылорда қаласында тұратын ардагерлер мен спортшылар ұмыт қалған.