Қызылорда облысында былтыр алаяқтықпен айналысқан 55 әйел істі болған
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы бойынша алаяқтық қылмыс жасағаны үшін өткен жылы 55 әйел істі болса, оның 11-і нақты мерзімдерге кесілді,-деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Әдетте алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, олардың құқықтық сауатсыздығын пайдаланады. Құрбандыққа ұшырағандар арасында негізінен жұмыссыздар көп кездеседі. Оларды күдікті несие, үй, жер телімін алып беремін деп алдап отырған.
Өткен жылы алаяқтық қылмыспен барлығы 87 адам сотталса, оның 70 пайызын әйелдер құрап отыр. Мысалы, Г. Әбілханова деген азаматша бұрын да осы алаяқтығы үшін сотталғанына қарамастан, қылмысты қайта жасап, нәтижесінде 4 жыл бас бостандығынан айырылды.
Алаяқтардың құрбаны болған жандар құқық қорғау орындарына дер кезінде шағымданбайды, бұл кезде қылмыс жасаушы қаржының бәрін жұмсап үлгіреді, болмаса бой тасалайды.
Бүгінгі күні облыстық прокуратура сайтында алаяқтықпен айналысқандардың тізімі жарияланып, тізім басқа да тиісті мекемелерге таратылды.