Қызылорда облысында гектарына 52 центнерден астам күріш алынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қызылорда облысында гектарына 52 центнерден артық күріш алынады. Бұл туралы бүгін елорадада өтіп жатқан Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов мәлім етті.

Қызылорда облысында гектарына 52 центнерден астам күріш алынады

«Биыл өңірімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі жақсы болып тұр. Алғашқы өнімдерімізді Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай елорда жұртшылығына жеткіздік. Облысымыздан 280 тонна ауыл шаруашылығы өнімі тиелген 26 көлікпен 50 кәсіпкеріміз келді», - деді ол.

Сонымен қатар ол күріш орағына қатысты деректермен де бөлісе кетті.

«Күріш бастыру жұмыстары қазан айында ғана аяқталады. Сол кезде гектарына қанша центнерден өнім алынғандығын айтуға болады. Дегенмен, қазірдің өзінде гектарына өткен жылмен салыстырғанда 2 центнерге артық өнім алынуда. Өткен жылы гектарына 50 центнерден айналған еді»,-  деді ол.