Қызылорда облысында ҚХА жылына арналған облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Облыстық тілдерді оқытудың өңірлік орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, Қазақстан халқы арасындағы татулық пен достықты насихаттау, жас ұрпақты әдеби шеберлікке баулу, дарынды жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында «Достық. Бірлік. Береке» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Байқауға Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен жоғары және арнаулы оқу орындарынан 14-25 жас аралығындағы 27 талапкер қатысты.
Жас ақындар байқау ережесіне сәйкес еліміздегі ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті насихаттауға арналған өлеңдерін оқыды.
Байқауға облыстық, республикалық мүшәйраларға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген, өзіндік орны қалыптаса бастаған жас ақындарымыз бен өнер саласына бетбұрыс жасап, енді ғана ақындық қабілеттерін дамытып келе жатқан жастарымыз қатысты.
Мүшәйраға қатысушыларды әділ қазылар 2 топқа бөліп бағалады.
1-топ бойынша:
І орынға Тәңірбергенов Ұлықбек (Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастарды қолдау орталығы» МКМ Байқоңыр қалалық бөлімінің меңгерушісі), ІІ орынға Ержігіт Бекжан (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті), ІІІ орынға Жүзеев Серікхан (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті) ие болды.
Ынталандыру сыйлығына Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Дауылбай Мақсат лайықты деп танылды.
2-топ бойынша:
І орынға Уәлиев Данияр («Болашақ» университетінің студенті), ІІ орынға Әбділда Елжас (Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті), ІІІ орынға Бөкебай Дина (Қазалы ауданы, №25 мектептің 9-сынып оқушысы) ие болды.
Ынталандыру сыйлығына Арал ауданы, №220 орта мектептің 9-сынып оқушысы Нүкішова Гүлсайран лайықты деп танылды.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен, ескерткіш сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.