Қызылорда облысында көпір мен жолайрық салынып жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты қалалық жолдың «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» трассасымен түйіскен жерінде көлік жолайрығы салынуда.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде 230 қада бұрғыланып, бетондалды. Жолайрығының құрылысы шамамен 15 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сонымен қатар Қызылорда облысындағы Карлан учаскесінде көпір құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 20 қада бұрғыланып, бетондалған. Сонымен қатар, ростверк құрылысы жүргізіліп, көпірдің кіреберіс жолдарына топырақ төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әрі қарай асфальттың төменгі және жоғарғы қабаттары төселіп, жол белгілері туралы ақпараттар қойылады.
Сондай-ақ, Қазалы ауданындағы «Әйтеке би – Басықара», Жалағаштағы «Самара – Шымкент-Еңбек – Есет батыр – Жаңадария» және Жаңақорған аудандарындағы «Самара – Шымкент – Екпінді» автожолдарының бойындағы көпірлерді қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Осы ретте жұмыс сапасы тапсырыс берушінің, техникалық қадағалаудың және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның тұрақты бақылауында екенін айта кеткен жөн.
Айта кетерлігі, Қызылорда облысында жыл соңына дейін 37 автожол жобасы жүзеге асырылмақ. 2022 жылы аудандық маңызы бар жолдардың 122 км және облыстық маңызы бар жолдардың 85 шақырымы жөнделіп жатыр. Сонымен бірге 8 нысан бойынша құрылыс және реконструкция жұмыстары жүргізілуде.