Қызылорда облысында өткен жылы қылмыс саны екі еседен астам өсіп кеткен - Әлімхан Әбжанов

ҚЫЗЫЛОРДА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында өткен жылы жалпы қылмыстар саны оның алдындағы жылмен салыстырғанда екі еседен астам өсіп кеткен.

Қызылорда облысында өткен жылы қылмыс саны екі еседен астам өсіп кеткен - Әлімхан Әбжанов

Бұл туралы кеше облыстық Ішкі істер департаментінде БАҚ өкілдерімен кездескен департамент басшысы, полиция полковнигі Әлімхан Әбжанов мәлімдеді.

Басқарма бастығының баяндауынша, жалпы қылмыс бұрынғы 2745-тен 6495-ке көбейген. Соның ішінде ауыр түрлері 67 пайызға (302-ден 505-ке), аса ауыр түрлері 50 пайызға (28-ден 42-ге) артқан. Кісі өлтіру қылмыстары 58 пайызға өсіп, оларды ашу 19 пайызға төмендеген. Бұл негізінен өткен жылдарда із-түзсіз жоғалған 5 азаматқа арналған іздестіру істерінің қайта зерделеуі негізінде жоғарылап отыр.

Былтыр тіркелген ұялы телефон ұрлығы 4 еседен астамға (312-ден 1595-ке), мал ұрлығы 3 еседен астамға (171-ден 694-ке) көбейген. Дегенмен де, қабылданған шаралардың нәтижесінде ұялы телефон ұрлығының төрттен бірі, ал мал ұрлығының үштен бір бөлігінен астамы ашылып, барлығы 31 қылмыстық топ құрықталып, ұрланған 970 мал басы заңды егелеріне қайтарылды.

Мысалы, Жаңақорған ауданында бұрынғы кеден қызметкерінің басқаруымен мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топ құрықталып, олардың 20 шақты мал ұрлықтарына қатыстылығы дәлелденді. Сонымен бірге 2012 жылдың қаңтар айында облыс орталығында мал ұрлығын жасаған бұрынғы полиция қызметкерінің басқаруымен 4 адамнан жасақталған қылмыстық топ әшкереленді.