Қызылорда облысында пилоттық негізде 2 аудан әкімінің сайлауы өтеді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында пилоттық негізде 2 аудан әкімінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында алғаш рет аудан және қала әкімдері тікелей сайланатын болады.

Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс VI сессиясында Қызылорда өңірі бойынша пилоттық аудан және облыстық маңызы бар қалалардың тізбесі бекітіліп, сайлау өткізілетін күн белгіленді.

Сессияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов хабарлама жасап, саяси науқанды өткізудің маңыздылығына тоқталды.

Екі жылда облыс бойынша ауылдық округтерде 54 әкім жаңадан сайланды. Ендігі қадам – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда атап өткендей, аудан әкімдерінің пилоттық сайлауы.

Депутаттардың дауыс беру нәтижесімен облыстық мәслихат пилоттық тікелей сайлауды Шиелі және Сырдария аудандарында өткізу туралы шешім қабылдады. Маңызды науқан биылғы жылдың 5 қарашасы күніне белгіленді.

Айта кетсек, өңірде ауыл әкімдерінің сайлауы да белсенді түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері 21 ауылдың әкімі сайланса, жыл соңына дейін 12 ауыл әкімі сайланбақ.

Сайлауға түскен азаматтардың 92,8 пайызы өзін-өзі ұсыну жолымен бақ сынауда.


Соңғы жаңалықтар