Қызылорда облысында соңғы үш айда 124 млн. теңгенің жалақы қарызы қайтарылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында соңғы үш айда 124 млн. теңгенің жалақы қарызы қайтарылды.

Қызылорда облысында соңғы үш айда 124 млн. теңгенің жалақы қарызы қайтарылды

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Соңғы үш ай ішінде Қызылорда облысындағы кәсіпорын, компания, өндіріс орындарының жұмысшылар алдындағы жалақыға қарызы бірнеше есеге қысқарды. Жыл басында облыс бойынша 31 кәсіпорынның еңбекақыға 224 млн. теңгеден астам берешегі болса, бүгінгі күні жалақыға қарыз 100 млн. теңгеге дейін азайды», - делінген хабарламада.

Бұған дейін облыс аумағындағы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысына қатысып келген «Импреза» акционерлік қоғамының жалақыға қарызы қордаланып қалған еді. Компанияның 4 ай ішінде 88 жұмысшыға берешегі 37,6 млн. теңгеге жеткен. Осыны негізге алған облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті тексеріп, еңбекақыны мәжбүрлеп өтеу жөнінде сотқа талап арыз түсірді. Соттың шешімімен компанияға тиесілі жол техникасына арест салынып, өзге мүліктері сатылды. Сөйтіп, бүгінгі күні еңбекақыға берешектің 30 млн. теңгесі өндіріліп, жалақының негізгі бөлігі қайтарылды. Қалған 7,6 млн. теңге берешек қаржы жуық арада өтеледі.

Одан бөлек, мұнай саласында жұмыс істеп жатқан «Құмкөл-Сервис» ЖШС-нің 325 жұмысшысына екі айлық 29,9 млн. теңге жалақы қайтарылды. Қазір облыс бойынша өзге де шағын кәсіпорындардың жұмысшыларға қарызын төлету ісі жүріп жатыр.