Қызылорда облысында тамыз айы да ыстық болғалы тұр
ҚЫЗЫЛОРДА. 8 тамыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында тамыз айында да аптап ыстықтың басылмайтын түрі бар. Мұны «Қазгидромет» РМК «Қызылорда гидрометеорология орталығы» еншілес мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастығы Жанат Әбзәлиева мәлімдеді.
Маманның айтуынша, тамыз айының бірінші онкүндігінде ауа райының ыстығы қайтадан көтеріледі. Күндіз ол 35-40 градустан түспесе, түнде аздап суытып, 20-25 градус аралығында құбылады. Мұның есесіне Цельсий екінші онкүндікте 9-12 градусқа дейін төмендейді. Бастапқыда күндіз 28-33 градус болса, түнде 15-20 градусқа барады. Бірақ содан кейін ауа қызуы қайтадан көтеріледі. Екінші онкүндіктің аяғында облыс аумағында күндіз 35-40 градустық ыстық басталады. Ал соңғы онкүндіктің басында осы деңгей ұсталып тұрғанымен, біртіндеп азая түседі. Ол күндіз 30-35 градусқа тұрақтайды.