Қызылорда облысында төрт жоба арқылы 465 млн. теңге инвестиция тартылады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылғы жылы Шиелі ауданының аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылған жобалық құны 465 млн теңгені құрайтын 4 жоба қолдау тауып, жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі аудандық әкімдікке сілтеме жасап хабарлады.
Өткен жылы да Шиелі ауданында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы ауқымды істер қолға алынған болатын. Мәселен, «DANAKE» Корпорациясы» ЖШС жобалық құны 64 млрд теңгелік цемент шығару зауытының құрылысы іргетасы өткен жылдың соңында қаланды. Тампонажды цемент өндіретін зауыт жылына 1 млн тонн өнім өндіретін болады. Зауыттың құрылыс кезеңінде 1200 адам жұмыс істесе, зауыт толық іске қосылған кезде 260 адамға жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Үстіміздегі қолға алынатын жобалар арасында «Шиелі МТС» ЖШС-ның (директоры Б.Тасболатов) күріш ақтау зауыты құрылысы жобасы бар. Оның жалпы құны - 250 млн теңге. Жүзеге асыру мерзімі 2016-2018 жылдар. Құрылыс кезінде - 30, іске қосылғанда 40 жұмыс орны ашылады. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 60 тонна күріш өңдеу. Жылдық қуаттылығы 7 мың тонна ақ күріш, ақұсақ - 1850 тонна, кебек ұнтағы 1400 тонна шығару. Бүгінгі күні 5 га жер телімін алу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар «Шиелі-Жолшы» (Ә. Абдуллаев) ЖШС-ның «Темір бетон бұйымдарын шығару және пайдалану зауытының құрылысы» жобасы жүзеге асырылады. Жоба құны - 124 млн теңге, жаңа жұмыс орындарымен құрылыс кезінде - 10 адам, іске қосылу кезінде 15 адам қамтылатын болады. Қуаттылығы жылына 2500 дана плита шығару. Бүгінгі күні 5 га жер телімін алу жұмыстары жүргізілуде.
Жобалар санатына «Бек-транс строй» (Б. Адырбеков) ЖШС-ның «Құрылыс материалдарын (шлакоблок, әк тас, полипропиленді қапшық) өндіру» жобасы да кіреді. Жоба құны - 55 млн. теңге. Жүзеге асыру мерзімі 2016-2018 жылдар. Құрылыс кезінде 30, іске қосылғанда 26 жұмыс орны ашылады. Жылдық қуаттылығы әк тас - 12 мың тонна, полипропиленді қапшық - 1 млн дана, шлакоблок - 180 мың дана деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Б.Сыздықов» «Көлік және ауыл шаруашылығына арналған жабдықтарды жөндеу мен электр құралдарын жинақтап өңдеу өндірісі» жобасы. Жобаның жалпы құны - 36 млн теңге. Жүзеге асыру мерзімі 2016-2018 жылдар. Құрылыс кезінде - 15, іске қосылғанда 7 жұмыс орны ашылады. Қуаттылығы айына жасалатын жөндеу жұмыстар саны - 156, көрсетілетін техникалық қызмет көрсету саны - 182. Бүгінгі күні 5 га жер телімін алу жұмыстары жүргізілуде. Төрге озған төрт жоба да өңірдің экономикасына жаңа серпін береді.