Қызылорда облысында украин ғалымдары диқандарға су үнемдеу технологиясын үйретіп жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Қызылорда облысында су тапшылығына қарамастан егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғайып, 196 мың гектар алқапқа дақыл егілген. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осныдай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру үшін малазықтық дақылдар көлемін 2300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын 222 гектарға, негізгі дақыл – күріштің көлемін 5400 гектарға ұлғайттық. Әлеуметтік маңызы бар дақылдарды егіп, жинап алуға ынталы тұрғындар үшін былтыр арнайы жер телімдері бөлінді. Осы игі бастама биыл да жалғасып, қала мен аудандарда 3 мың гектардан астам жер берілді. Қазір 5488 отбасына жер телімдері беріліп, аяқ су жүргізілді. Оның нәтижесінде тұрғындар өздерін қажетті өнімдермен қамтамасыз ете алады», – деді әкім.

Оның айтуынша, Сыр диқандарын қолдау үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» бірлесіп, күздегі күріш өнімін форвардтық сатып алу жұмыстары қолға алынған. Соның аясында 6000 тонна ақ күрішті сатып алуға 1,2 млрд теңге бөлініп, облыстың 4 шаруашылығы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан келісім-шарт арқылы қаржы алған.

«Өңірде Украина ғалымдарымен бірлесіп, демонстрациялық алаң ашылуда. Оның негізгі мақсаты – су тапшылығына орай жаңбырлатып, тамшылатып суару әдістерімен әртараптандыру бағытындағы соя, күнбағыс, жүгері, бидай дақылдарының және күріштің бірнеше сортын тәжірибе ретінде енгізу.

Былтыр Үкімет қолдауымен «Көкарал» бөгетін сақтау жобасын бастауға республикалық бюджеттен 500 млн теңге қаралса, биыл 1,9 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Жоба 2024 жылы аяқталады.

Мақсатына сай пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтару, оны қайта айналымға қосу жұмыстары қарқынды жүруде. Былтыр 157 мың гектар жер қайтарылса, биыл 200 мың гектардан астам жерді қайтару жоспарланған», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.


Соңғы жаңалықтар