Қызылорда облысында заңсыз қабан аулаған браконьерлер ұсталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қабан атқан браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысында заңсыз қабан аулаған браконьерлер ұсталды

25 тамыз күні шамамен сағат 23:30 кезінде «Охотзоопром ӨБ» РМҚК инспекторлары табиғат қорғау іс-шараларын жүргізді. Оның барысында мамандар Қызылорда облысы Қармақшы ауданы 3-ші Интернал ауылының егіс алқабындағы далалық жерде Тойота Ленд Крузер Прадо және Ауди 80 маркалы автокөліктерін тоқтатқан.

Көліктерді тексеру барысында жүксалғыштан қабанның ұшасы, 16 калибрлі құжатсыз 4 аңшы мылтығы табылған.

Оқиға орнына Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінен жедел топ шақыртылып, тергеу әрекеттері жасалды.

Бұл факт бойынша ҚР ҚК 337-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.