Қызылорда облысында жаңа көпір мен жол айрығы пайда болады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты қалалық жолдың Батыс Еуропа – Батыс Қытай трассасымен түйіскен жерінде көлік жол айрығы салынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, б үгінде 230 қада бұрғыланып, бетондалды. Жол айрығының құрылысы шамамен 15 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

«Сонымен қатар Қызылорда облысындағы Карлан учаскесінде көпір құрылысы басталып кетті. Қазіргі уақытта 20 қада бұрғыланып, бетондалған. Сонымен қатар, ростверк құрылысы жүргізіліп, көпірдің кіреберіс жолдарына топырақ төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әрі қарай асфальттың төменгі және жоғарғы қабаттары төселіп, учаске жол белгілерімен жабдықталады», - деп жазды ведомство.

Сондай-ақ, Қазалы ауданындағы Әйтеке би – Басықара, Жалағаштағы Самара – Шымкент-Еңбек – Есет батыр – Жаңадария және Жаңақорған ауданындағы Самара – Шымкент – Екпінді автожолдарының бойындағы көпірлерді қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Осы ретте жұмыс сапасы таппсырыс берушінің, техникалық қадағалаудың және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның тұрақты бақылауында екенін айта кеткен жөн.

Қызылорда облысында жыл соңына дейін 37 автожол жобасы жүзеге асырылмақ. Биылдыққа аудандық маңызы бар жолдардың 122 шақырымы және облыстық маңызы бар жолдардың 85 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Сонымен бірге 8 нысан бойынша құрылыс және реконструкция жұмыстары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар
telegram