Қызылорда облысында жүктемесі 8 тоннадан асатын көлік қозғалысына шектеу енгізілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында  республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жүктемесі 8 тоннадан асатын көлік құралдарына уақытша шектеу енгізілмек.

Қызылорда облысында жүктемесі 8 тоннадан асатын көлік қозғалысына шектеу енгізілді

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатына облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол желілерінің сақталуын қамтамасыз ету шаралары автокөліктерге көктем және жаз мезгілінде шектеу енгізуді талап етеді. Себебі, климаттық ерекшелік - жол бойындағы қозғалыс жағдайына, жұмыс режіміне тікелей әсер ететін фактордың бірі. Мәселен, қыс мезгілінен көктемге ауысу кезеңіндегі 0-15 градус аралығында жол желісі жұмсарып, ауыр салмақты көліктердің қозғалысына төтеп беру күшінен айырылады. Осыған қарап 40-50 тонна жүк тасымалдайтын көліктердің келтіретін зиянын бағамдауға болады. Айта кету керек, мұндай шектеулер жыл сайын енгізіледі және бұл тәжірибе ауа райы ұқсас өзге елдерде де қолданылады. V жол-климаттық аймаққа жататындықтан, бізде көктемгі шектеу 1 наурыздан 1 сәуірге дейін жүргізіледі. Өткен жылы шектеу бойынша бірқатар түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Дегенмен, заң талаптарын  аттаған 177 жеке және заңды тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді инспекция басшысы.

  Сондай-ақ баспасөз мәслихатында, халықаралық келісімдерге сәйкес төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асыратын, тез бұзылатын тауарлармен, дәрі-дәрмек тасымалымен айналысатын автомобильдерге шектеу қойылмайтыны айтылды. Сонымен қатар инспекция көктемгі шектеу кезіндегі заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында «Жолда қабылдау» акциясын ұйымдастырды. Науқан 1-3 наурыз аралығында Самара - Шымкент тас жолының 1835 шақырымындағы Бірқазан кентінің маңында өтуде.

Фото: ru.slovoidilo.ua