Қызылорда облысында жылу-түтін камерасы пайдалануға берілді
ҚЫЗЫЛОРДА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №9 өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында жаңадан салынған жылу-түтін камерасының ашылу салтанаты болды.
Онда өрт сөндірушілерге департамент бастығы полковник Ерік Төлеужанов бұл камераның тәжірибелік пайдасы зор екендігін әңгімеледі.
Қазақстан Республикасы ТЖМ-нің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы №446 бұйрығымен бекітілген «ҚР ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының газ-түтіннен қорғау қызметін ұйымдастыру жөніндегі тәлімдемесінің» талаптарына сәйкес мекеме күшімен жылу-түтін камерасының салынғандығы тың идеяның жүзеге асқандығы болып отыр.
Жылу-түтін камерасында өрт сөндірушілер тыныс алуға жарамсыз ортада күнделікті қызметте атқаратын жауынгерлік іс-қимылдарын шыңдайды. Сонымен бірге психологиялық дайындықтары арта түседі.
Орын алатын әрбір төтенше жағдай немесе өрт оқиғалары бет қаратпас жалын және қолқаны алатын алапат түтіннен тұрады. Осындай қиыншылыққа толы кезеңде өрт сөндірушілердің дайындығы да жоғары болуы маңызды. «Жаттығуда әдіс-тәсілдерді меңгеріп, тер төксең, өрт оқиғасы барысында алапат отты ауыздықтау да жеңілірек» болатыны сөзсіз. Сондықтан да өрт сөндірушілердің жұмыстарын оңтайландыру үшін осындай арнайы орындарда тәжірибе жасау, жаттығу қажет.