Қызылорда облысының 100 мыңға жуық архивті құжаты сандық форматқа ауыстырылуда
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысының архивінде сақталған 96 мың 917 құжаттың 10 млн.ға жуық парағы сандық форматқа көшіріліп, сақтандыру қорлары жасалды. Цифрлық жүйеге бірінші кезекте құнды құжаттар ауыстырылуда.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, мұрағаттау және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Әбдірахманов айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қазір облыс бойынша өлкетану бағытындағы 3343 кітап, 1941-1969 жылдары басылып шыққан «Ленин жолы», «Путь Ленина» газеттері цифрлық форматқа көшірілген.
Сонымен қатар, жаңа технологияларды пайдалану мақсатында алдағы уақытта театр, филармония, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының билеттері онлайн-режімде сатылмақ.
Ержан Ахметұлының айтуынша, мәдениет саласында биылға жоспарланған шаралар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына, таяу және алыс шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналып отыр.
«Осы жылдың 10-16 сәуірі аралығында Қызылорда облысының Әзербайжан Республикасындағы мәдениет және өнер күндері аясында Баку және Шеки қалаларына гастрольдік сапар ұйымдастырылады. Оған облыстық театр және филармонияның шығармашылық ұжымдары қатысып, өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Қызылорда облысының өнер күндері өтеді деп жоспарлануда», - дейді басқарма басшысы.