Қызылорда облысының әкімдігі Сыр бойынан шыққан олимпиадашыларға сый-сияпаттар жасады
ҚЫЗЫЛОРДА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімдігі Лондон Олимпиадалық ойындарына барып қайтқан Сыр өңірінің олимпиадашыларына сый-сияпаттар жасады.
Олимпиадашыларға құрмет көрсетуге арналған салтанатты рәсім қаланың орталық алаңында мыңдаған тұрғындардың қатысуымен өтті. Жиынды сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Болатбек Қуандықов Сыр елінің атын шығарып, даңқын асырып қайтқан ерлерді аймақ жұртшылығының атынан құттықтады. Өз сөзінде ол сондай-ақ спортшылардың жаттықтырушылары мен ата-аналарына алғыс айтты. Содан соң Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин мен оның жаттықтырушысына 75 млн. теңгенің сертификатын тапсырды. Ал әйелдер боксынан Олимпиаданың қола жүлдегері болып оралған Марина Вольноваға «Рено» маркалы темір тұлпардың кілтін ұстатты. Бұл кеште Сыр өңірінен Олимпиадаға қатысып қайтқан өзге өрендер де тарту-таралғыдан құр қалған жоқ. Атап айтқанда, ауыр атлет Алмас Өтешов пен еркін күрес шебері Дәулет Ниязбековтің әрбіріне 1 млн., зілтемірші Александр Зайчиков пен жеңіл атлет Виктор Лептиковтің әрбіріне 300 мың теңгеден сыйақы берілді.
Бір айта кететін жәйт, бұл сыйақылардың барлығы бюджеттен тыс көздердің, яғни жергілікті мұнай компанияларының есебінен жасалды. Бұдан бөлек, облыстың ауыр атлетикадан бас жаттықтырушысы Вилорий Пакке Қызылорда қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Сол сияқты байрақты бәсекеден олжалы оралған Илья Ильин мен Марина Вольнованың ата-аналары облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.