Қызылорда облысының әкімі полицейлерге жаңа көліктер сыйлады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылған жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуда облыс басшылығы жан-жақты жағдай жасап, қолдау көрсетіп келеді.
Осы мақсатта аймақ бюджетінен 670 млн. теңге бөлінген болатын.
Биыл аталған қаржыға 2 автобус, 2 ГАЗель және 7 «Нива» көліктері сатып алынды.
Осыған орай, 2 наурызда жергілікті полиция қызметінің алаңында өткен салтанатты шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы келіп, сап түзеген қызылордалық полицейлерге жоғарыда аталған автокөліктердің кілттерін табыс етті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы кез келген аймақтың даму деңгейі оның қоғамдық тәртібінің тұрақтылығымен және азаматтардың құқығын қамтамасыз етуімен айқындалатынын баса айтты. Қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыспен күресте полиция қызметкерлері алдыңғы сапта тұратындығын атап өтіп, бүгінгі көрсетілген қолдау олардың халық алдындағы міндеттерін еш кедергісіз, адал орындауларына оң әсерін тигізетініне сенім білдірді.
Сонан соң аймақ басшысы Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің жұмысымен, материалдық-техникалық базасымен, қызметкерлердің қызметтік-кәсіби даярлығымен танысты.