Қызылорда облысының аудандары «Қала күніне» тартулар жасамақшы
ҚЫЗЫЛОРДА. 29 тамыз. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының аудандары «Қала күніне» қызылордалықтарға тарту жасамақшы. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен тұрақты кеңесте қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов хабарлады.
«Қызылорда қаласында 14 қыркүйек пен 11 қазан аралығында «Қала күні» мерекесі өткізіледі деп жоспарлануда. Айта кету керек, биылғы жылдың ерекшелігі қала қабырғасының қаланғанына 195 жыл толуымен ерекше. Осы ретте Р. Рүстемов облысқа қарасты аудандар қалалықтарға тарту ретінде скверлер салып беріп, абаттандыруға үлес қосатындығын жеткізді. Ол үшін арнайы орындар беріліп, жұмыстар жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, қаланың көркемдік-эстетикалық сәнін, келбетін жақсарту бағытында Жібек жолы көшесі бойына арнайы жасанды «гүл композициясы» қойылып, электр бағандарына 600 дана гүл шарлары орнатылды. Осындай түрлі шынайы заттарға ұқсас жасанды композицияларды қаланың бірнеше аймағына қою жөнінде эскиздік ұсыныс әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде.
Қаланың түнгі жарықтандыру жұмыстарында да жаңа қондырғы құрылғылар іске қосылатын болады. Орталық көшелердегі 25 аркалық қондырғылар қайта жөндеуден өткізіліп, флекс-неон шамдары арқылы ұлттық ою-өрнекте бейнеленуде.
Кеңес барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тиісті сала басшыларына мерекеге дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруды, қалалықтарға тарту, абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.