Қызылорда облысының имамдары Жолдауға қолдау білдірді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылорда облысындағы барлық қалалық, аудандық және ауылдық мешіттердің имамдары бас қосып, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылады, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі ұйымдастырған шараға сондай-ақ «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Талғат Омаров, облыстық ішкі саясат басқармасының дін істері бөлімінің маманы Ерсұлтан Есов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Маралбек Мұсаев қатысты.
Қатысушылар Қазақстан Президенті Жолдауының негізгі мақсаты мен басымдықты бағыттарын талқылады. Әсіресе, діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу бойынша мәселелер талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев: «Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек», - деп атап өткен болатын.