Қызылорда облысының прокуратурасы немқұрайлы колледж басшыларын жауапқа тартуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының прокуратурасы Конституциямен кепілдік берілген тегін орта біліммен қамтылмаған 297 баланы анықтады, деп хабарлады ҚазАқпаратқа аймақ прокуратурасының баспасөз қызметінен.
«Олар 9-сыныпты бітіргеннен кейін колледжге түсіп, түрлі себептермен оқуларын аяқтамай қалған. Колледж басшылығы білім беру басқармасына оқудан шығарылғандар туралы хабар бермеген. Оқу ақысы бойынша қарыздар болғандықтан олардың басым деніне орта білімді қайта жалғастыру үшін қажетті құжаттарды беруден бас тартылған», - делінген Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мысалы, Б.Нұрлан 9-сыныпты бітіргеннен кейін 2015 жылы ақылы негізде Қызылорда аграрлық-техникалық колледжіне оқуға түскен. Білім ақысын төлей алмағандықтан бірінші курстан кейін оқуын үзеді. Құжаттары колледжде қалып, өзі бір жылдан астам уақыт үйде отырған.
Прокуратураның талабымен облыстық Білім беру басқармасы колледжден шығарылған барлық балалардың тұрғылықты орнын анықтап, олардың оқуды жалғастыруларына шаралар қолданды. Атап айтсақ, 80 бала кері қайтарылды, 132 бала Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында оқуға қабылдану үшін құжаттарын рәсімдеуде. Сондай-ақ өзге облыстардағы 13 балаға уәкілетті органдарға оларды орта біліммен қамтамасыз ету қажеттігі туралы хабарлама жолданды.
Бұзушылықтарға жол беріп, бақылау жасамаған лауазымды тұлғалар, соның ішінде колледж директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура талдауы тек 2014-2016 жылдарды қамтығандықтан, уәкілетті органдарға тегін орта білім алмаған өзге балалар бойынша шара қолдану ұсынылды.