Қызылорда облысының шенеуніктері қоғамдық тыңдаулар мен қабылдаулар өткізуде
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Онда өткен жылдың қорытындысы шығарылып, 2017 жылдың жоспарлары белгіленді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
Қызылорда облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев 13 ақпан күні Қызылорда қаласы әкімінің, барлық ауылдық округ, аудан әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулері өткенін хабарлады.
Мәлім етілгендей, 1 ақпаннан бастап облыс әкімінің орынбасарлары ең өзекті мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуде. Ал 31 қаңтардан бастап басқармалар мен департаменттердің басшылары қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруда.
«31 қаңтарда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы жарияланды. Біздің мақсатымыз - облыстың барлық тұрғынын қамтитын кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу»,- деді Қ.Көшербаев.
Шара барысында партияның облыстық филиалының саяси кеңес мүшелері облыс әкімінің ағымдағы жылғы дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарына ұсыныстарын енгізді.