Қызылорда облысының жаңа шағын ауданында мектеп құрылысы басталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысып, жаңа мектептің кірпішін қалау жұмыстарына атсалысты. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева мен Наталья Жұмаділдаева қатысты.
None
None

Мектеп құрылысының жұмысын көрген облыс әкімі білім ошағының заманауи түрде іске асып, оқушылардың игілігіне бағытталуы қажеттігін атап өтті.

Төрт жыл бұрын Қызылорда-Жезқазған трассасының бойынан 6600 отбасына арналған «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданы ашылған болатын. Бүгінде онда 70 отбасы қоныстанса, аталған отбасылардың мектеп жасындағы оқушылары қала орталығындағы мектептерге қатынап білім алуда. Осыған орай 600 орындық мектептің құрылысын салуда жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес жұмыстар басталып кетті.

Мектеп 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында іске асуда. Білім ошағын салуға 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Жаңа мектеп жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Алдағы 3 жылдың жоспарына сәйкес, «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданында мектеп жасындағы оқушылар саны 1500-ге жуықтайды. Жаңа мектеп орын тапшылығы мәселесін шешеді.

Іс-шара барысында білім саласының ардагері Мылтықбай Баймбетов: «Жаңа білім ұясы елге белгілі азаматтардың түлеп ұшатын озық оқу ордасына айналады», - деп бата берді.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 8 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оқу жылына Қызылорда қаласынан және Жалағаш ауданынан 2 мектеп құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп жыл соңында аяқталмақ.


Соңғы жаңалықтар