«Қызылорда - Шымкент - Көкшетау» контрафактілі өнімдердің арнасы жойылды
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Наурыздың 2-сі күні Ақмола облыстық ІІД және Кедендік бақылау департаментінің бірлескен іс-шарасы барысында «Қызылорда - Шымкент - Көкшетау» бағытындағы контрафактілі өнімдерді тасымалдау арнасы жойылды.
Бұл туралы бүгін, сәрсенбіде өткен апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Криминалды полиция комитетінің жоғары технологиялар саласындағы қылмыстар басқармасы бастығының орынбасары Инна Петрищева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап көрсеткеніндей, Көкшетауда өткізілген арнайы жедел-іздестіру шарасы кезінде орталық базарда 1500-ге жуық контрафактілі DVD дискілерді сақтаған Ресейдің әйел азаматы құрықталды.
Полицейлердің арнайы құрған комбинациясы бойынша 2000-ға тарта DVD дискілерге тапсырыс берілді. Нәтижесінде Көкшетау қаласына заңсыз контрафактілі өнімдерді жеткізуші тұлғалар анықталды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.